Accessibility links

Барселона мен Мадридте жаңа басшылар ант берді


Каталония үкіметінің жаңа басшысы Ким Торра.
Каталония үкіметінің жаңа басшысы Ким Торра.

Сенбі күні Испанияның Каталония автономиялық аймағының жаңа үкіметі ант берді. Жаңа үкіметті аймақтың бұрынғы жетекшісі Карлес Пучдемонның жақтасы Ким Торра басқарады. Былтыр аймақ парламенті көпшілік дауыспен Каталонияның тәуелсіздігі туралы шешімді мақұлдағаннан кейін, Мадрид оның күшін жойып, аймақты тікелей басқару енгізген. Пучдемон Бельгия кетіп қалған.

Алайда, Каталония парламентінің мерзімінен бұрын сайлауында сепаратистік күштер тағы да жеңіске жеткен. Жаңа үкіметтің міндетіне кірісуі аймақты Мадридтің тікелей басқаруы аяқталғанын білдіреді. Қызметін атқаруға кіріскеннен кейін Торра Испанияның жаңа премьер-министрі Педро Санчесті келіссөздер өткізуге шақырған.


Испаниядағы социалистер лидері Санчес те сенбі күні Мадридте ант берген. Жұма күні Испания парламенті консерватор Мариано Рахойдың үкіметіне сенімсіздік білдірген болатын. Социалистер де Испания территориясының тұтастығын қолдайды. Бірақ, Рахоймен салыстырғанда, Санчес Каталония сепаратистерімен келіссөз өткізуге әзір екені туралы мәлімдеген. Парламентте Рахой басқаратын үкіметке сенімсіздік таныту мәселесі дауысқа қойылғанда арасында каталониялықтары да бар кей аймақтық партиялар социалист Санческе қолдау білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG