Accessibility links

Каталониядағы сайлауда аймақ тәуелсіздігін жақтайтындар озды


Каталония парламенті сайлауына дауыс беріп тұрған сайлаушы. Сант-Кугат-дель-Вальес, Каталония, 21 желтоқсан 2017 жыл.
Каталония парламенті сайлауына дауыс беріп тұрған сайлаушы. Сант-Кугат-дель-Вальес, Каталония, 21 желтоқсан 2017 жыл.

Бейсенбі күні Испанияның Каталония автономиялық аймағы тұрғындары жергілікті парламенттің кезектен тыс сайлауына дауыс берді. Сайлау бюллетеньдерінің 96 пайызы саналып болғаннан кейінгі мәлімет бойынша, аймақ парламентіндегі 135 орынның 70-іне Каталонияның Испаниядан бөлінуін жақтайтын партиялар ие болғаны белгілі болды.

Сайлаудың ресми қорытындысы жақын күндері жарияланбақ.

Сайлау аптаның жұмыс күні өткеніне қарамастан дауыс беруге сайлаушылардың 70 пайыздан астамы қатысқан. Яғни дауыс бергендер саны бұған дейін 2015 және 2012 жылдары өткен сайлаулардың көрсеткішінен асқан. Жаңадан сайланған парламент алдағы жылғы қаңтар айының 23-іне дейін аймақ үкіметін жасақтауы тиіс. Ал Каталония аймағының жаңа басшысы сәуірдің 7-і күні сайланады.

Биыл қазан айында Каталония парламенті жергілікті референдум қорытындысы бойынша автономиялық аймақтың Испания құрамынан шығып, тәуелсіздігін жариялауына басым көпшілік дауыспен қолдау білдірген болатын. Мұнымен келіспеген Испания орталық өкіметі іле-шала Каталония парламенті мен үкіметін таратып, аймақты Мадридтен тікелей басқару тәртібін енгізген және Каталония парламентінің кезектен тыс сайлауын желтоқсанға тағайындаған.

Еуропа елдері мен АҚШ Испания орталық үкіметіне қолдау білдірген.

Биліктен тайдырылған Каталония аймағының басшысы Карлес Пучдемон Бельгияға кетіп қалып, сол жақтан сайлауалды кампаниясын жүргізген.

XS
SM
MD
LG