Accessibility links

Референдум жайлы бастамашыл топ Алматыда баспасөз жиынын өткізді


Республикалық референдум жөніндегі бастамашыл топ баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 22 қазан 2019 жыл.

Бүгін, 22 қазанда адам құқығы бойынша халықаралық бюроның Алматыдағы кеңсесінде ресубликалық референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топ баспасөз мәслихатын өткізді. Оған бастамашыл топ штабының жетекшісі Нұрлан Есқалиев, азаматтық бастамалар коалициясының өкілі Батыр Адайбаев, заңгер Азамат Төлеуов және биыл маусымдағы президент сайлауын бақылаған Ақмарал Қамбарқызы қатысты.

Олар 2019 жылы 10 қарашада Нұр-Сұлтанда республикалық референдум жөніндегі бастамашыл топтың жалпы жиыны өтетінін хабарлады.

Бастамашыл топ өкілдері келесі сайлауды «Сайлау туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңды өзгерткен соң ғана өткізу қажет деп санайды. Мажоритарлы сайлау жүйесін енгізіп, мемлекеттік тіркеуден өту үшін партия мүшелерінің санына қойылатын талапты азайту керек деп есептейді.

Нұр-Сұлтанда құрылған бастамашыл топтың сөзінше, екі жарым айдан бері жұмыс істеп келе жатқан штаб арнайы сайт ашып, референдумның мақсатын түсіндіретін ақпараттарды көпшілікке ұсынған.

Топ штабының жетекшісі Нұрлан Есқалиев референдум туралы бастама көтеруге биыл маусымда болған президент сайлауындағы әділетсіздіктер себеп болғанын айтады.

Конституция бойынша, 2021 жылы Қазақстанда парламент мәжілісінің сайлауы өтуі тиіс. Жиын өткізген белсенділер "билік парламент сайлауын да мерзімінен бұрын өткізіп жібере ме" деп қауіптенеді.

Қазақстанда биыл 9 маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауында елді отыз жыл басқарып, биыл президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев таңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайлаған. Тәуелсіз сарапшылар биылғы сайлауда жүздеген заң бұзылғанын айтып, сотқа шағымданған. Бірақ сот олардың шағымын қанағаттандырмады. Халықаралық ұйымдар Қазақстандағы сайлауларда жиі заң бұзылатынын сынайды. Қазақстан орталық сайлау комиссиясы сайлаулар әділ әрі барлық стандарттарға сай өтеді деп санайды.


  • 16x9 Image

    Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ

    1994 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде филология мамандығы бойынша бакалаврды, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистратураны тәмамдаған. 

    "Дарабоз" журналында (2012-2014), "31 арнаның" жаңалықтар қызметінде (2015-2018) жұмыс істеген.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG