Тәжікстан үкіметі Қытайдың ТВЕА компаниясын қосымша құн салығы мен Жоғарғы Кумарг және Шығыс Дуоба кеніштерінен алтын өндіру үшін әкелетін құрал-сайман, технологиясын кеден баж салығынан босатты.
Душанбе өзінің жер қойнауын инвестицияға айырбас және Қытай алдындағы қарызының өтеуі ретінде Қытай компанияларының бақылауына беретіні байқалған. "Душанбе-2" жылу электр станциясын салу үшін алтын кенішін беруге мәжбүр болған еді.
Биліктің бұл әрекетін сынаушылар өндірілген руда Тәжікстаннан тек шикізат күйінде шығарылатынын алға тартқан. Алайда тәжік билігі "кеніштер сыйға берілген жоқ және ол Тәжікстанның табиғи ресурстарын сату болып та есептелмейді, бұл - инвестиция тартудың жаңа түрі" деп түсіндіреді.
Келісімшарт бойынша, Қытайдың ТВЕА компаниясы "Душанбе-2" жылу электр станциясын салу үшін жұмсалған қаржысы өтелгенше Шығыс Дуоба және Жоғарғы Кумарг алтын кеніштерін алтын өндіру құқығын иеленген. Бұл нысандардың жалпы құны - 349 миллион доллар, оның 17,4 миллионы тәжік үкіметіне тиесілі.
Тәжік үкіметі ТВЕА жылу электр станциясына жұмсаған шығынын қайтарып алған соң қалған руда республика пайдасына жұмсалады деп санайды. Алайда ТВЕА басшысы Чжан Синнің Қытайдың stcn.com веб-сайтына берген ақпаратында "егер компания екі кеніштен шығынын қайтара алмаса, Тәжікстан үкіметі өзге кеніштерін беруге міндетті" деп санайтынын білдірген.
Тәжікстанның Қытай инвесторларына берген кеніштері Жоғарғы Кумарг және Шығыс Дуоба ғана емес. Тәжікстанда өндірілетін алтынның 80 пайыздан астамын Тәжікстан мен Қытайдың бірлескен компаниялары шығарады.
ПІКІРЛЕР