Accessibility links

Берік Уәли: Әділет министрі жарлықты дұрыс түсіндірмеді


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта). Нұр-Сұлтан, 7 маусым 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта). Нұр-Сұлтан, 7 маусым 2019 жыл.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "даулы жарлығына" байланысты екінші рет түсініктеме берген Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли "әділет министрі жарлықты дұрыс түсіндірмеді" деп мәлімдеді. Бұл пікірін Уәли 23 қазанда Sputniknews және Қазақпарат агенттіктеріне берген сұхбатында айтты.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрлер мен әкімдерді бұрынғы президент, қауіпсіздік кеңесінің төрағасының қуаттауымен тағайындайтыны жайлы жарлыққа қол қойып, бұл ақпарат қоғамда "қос билік" жайлы дауды үдете түскен. ​

Жарлықты түсіндірген Берік Уәли әділет министрі Марат Бекетаевтың кадр мәселесі бойынша "соңғы сөзді қауіпсіздік кеңесі айтады" деуі дұрыс емес деді.

"Әділет министрі дұрыс түсіндірмеді деп санаймын. Бәлкім, журналистердің қысымымен Марат Бекетаев сасқалақтап, ойын дұрыс жеткізе алмай қалған болар, мұндай деңгейдегі лауазымды тұлға кез келген мәселені кәсіби тұрғыда нақты түсіндіруі тиіс қой" деді ол Sputniknews агенттігіне.

Берік Уәлидің айтуынша, "Тоқаев Назарбаевпен кеңесе алады, бірақ кадр мәселесін өзі шешеді". Ол Конституцияда президенттің міндеттері мен өкілеті нақты жазылғанын айтып, даулы жарлықтың "процедуралық сипаты ғана" бар екенін жеткізді.

Оқи отырыңыз: Тоқаевтың даулы жарлығын Ақорданың түсіндіруіне тура келді

Қасым-Жомарт Тоқаев 9 қазанда шығарып, 21 қазанда жариялаған жарлық бойынша, Қазақстан президенті ұлттық қауіпсіздік кеңесінің төрағасын, сыртқы барлау қызметінің жетекшісін, бас прокурорды, ұлттық банк төрағасын, облыс әкімдері мен республикалық маңызы бар қала әкімдерін, министрлерді (сыртқы істер, ішкі істер және қорғаныс министрлерінен өзге), президент әкімшілігінің жетекшісін қауіпсіздік кеңесінің келісімімен тағайындайды.

22 қазанда бұл жарлыққа байланысты түсініктеме берген әділет министрі Марат Бекетаев "негізгі мемлекеттік лауазымдарға кандидаттар қауіпсіздік кеңесінің келісімі бойынша тағайындалуы тиіс" деген. Оның сөзіне қарағанда, Тоқаевтың жарлығы бойынша кадр мәселесі жөніндегі соңғы сөзді қауіпсіздік кеңесі айтады.

Қазақстан парламенті сенатының бұрынғы төрағасы Қасым - Жомарт Тоқаев Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев өкілетін тоқтатқаннан кейін президент болған. Қызметіне кіріскен соң үш аптадан кейін мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы жарлық шығарған. Бұл сайлауда Тоқаевтың кандидатурасын Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы ұсынды. 9 маусымда өткен сайлау кезінде орталық сайлау комиссиясы "Тоқаев сайлауда жеңді" деп жариялаған. Батыс бақылаушылары "сайлау процесінде президентке берілген дауыс санына күмән келтіретіндей заң бұзушылықтар болды, сайлау мен билікке наразылардың акциясы жаппай ұстауларға ұласты" деп бағалаған болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG