Accessibility links

ІІМ: Нұр-Сұлтан мен Алматыда 26 адам ұсталды


Алматыда полицияның азаматтарды ұстауы. 26 қазан 2019 жыл.
Алматыда полицияның азаматтарды ұстауы. 26 қазан 2019 жыл.

26 қазанда түстен кейін Қазақстанның ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтан мен Алматыда кейбір азаматтардың "рұқсат етілмеген митингі" өткізбек болғанын мәлімдеп, 26 адамның ұсталғанын хабарлады.

"Жағдайды анықтау үшін және әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыру мақсатында полицияға 26 адам жеткізілді" деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.

26 қазанда түстен кейін Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Ақтөбеде "рұқсат етілмеген митингі" орындарында полиция азаматтарды ұстады. Кейбір жерде полиция наразыларға күш қолданды. Бірнеше адам полиция ұстап бара жатқан кезде өздерінің "Қытай экспансиясы" мен Қазақстан аумағында Қытай зауыттарының құрылысына қарсы екенін айтып үлгерді. Сенбі күні бірнеше қалада "митингі өтеді" деген орындар алдын ала қоршалып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Бұған дейін өзін билік оппоненті ретінде атайтын, шетелде жүрген қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов 26 қазанда жақтастарын көшеге шығуға шақырған. Қазақстанның бас прокуратурасы "рұқсат етілмеген митингіге қатысу заңсыз" екенін ескертіп, митингіге шыққан азаматтардың" қатаң жазаланатынын" хабарлады.

21 қыркүйекте де осыған ұқсас жағдай болған. "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы белгілеген "митингі орындарында" 21 қыркүйекте ресми дерек бойынша шамамен 100 адам ұсталып, 15 адам әкімшілік жазаға тартылған. Оқиға кезінде полицияның бейбіт шерушілерге дөрекі күш қолданғаны хабарланды.

Бұған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстанда бейбіт жиналу құқығы бұзылып жатқанын бірнеше рет ескертіп, Нұр-Сұлтанды халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін орындауға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG