Accessibility links

АҚШ сенаты Душанбені Азаттық журналистеріне аккредитация беруге шақырды


Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшісі жаңалықтармен таныстырып жатыр.
Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшісі жаңалықтармен таныстырып жатыр.

АҚШ сенаты Душанбені Азаттықтың Тәжік қызметінің (Озоди радиосы) журналистеріне аккредитация беру мәселесін қарауға шақырды. Озоди радиосындағы тоғыз журналистің Тәжікстанда жұмыс істеуіне шектеу қойылған. Медиакорпорацияның тағы да 9 журналисінің аккредитациясы 1 қарашада аяқталады. Сенат өкілдері ақпарат құралдарының еркін жұмыс істеуі маңызды екенін атап өтті.

Жалпы аккредитация алатын журналистер саны - 18. Олардың үшеуі - жаңа қызметкер, алты журналист бірнеше айдан бері аккредитациясын күтіп жүр. Бір журналист 2017 жылдан бері ала алмаған. 1 қарашада тағы тоғыз журналистің аккредитация мерзімі аяқталады.

Тәжікстанның сыртқы істер министрі Сироджиддин Аслов тамыз айында өткен баспасөз жиыны кезінде Озодидің Душанбедегі бюросы жабылмайды, бірақ "кейбір журналистер жазған мақалалар мемлекет саясатына қайшы келгендіктен аккредитациядан айрылады" деп мәлімдеген. Билік шетел ақпарат құралдарын аккредитациялау механизмін сөз бостандығын шектеу құралы ретінде ретінде пайдаланады. Озоди радиосы - Тәжікстандағы санаулы тәуелсіз БАҚ-тың бірі.

Бұған дейін АҚШ конгресінің өкілдер палатасының мүшелері, штаб-пәтері Нью-Йоркте шоғырланған Журналистерді қорғау комитеті, ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы мәселелері бойынша өкілі Арлем Дезир, Тәжікстанның тәуелсіз БАҚ ұлттық қауымдастығы, Тәжікстанның БАҚ жөніндегі кеңесі Озиди радиосын қолдап, мәлімдеме жасаған.

Биыл тамыз айында Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) корпорациясы Тәжікстан билігінен сол елдегі тілшілеріне аккредитация беруді және оларға қысым жасауды тоқтатуды талап еткен болатын. АЕ/АР президенті Джейми Флай Тәжікстандағы баспасөз бостандығының ахуалына байланысты алаңдаушылық білдірген.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының жыл сайын жарық көретін сөз бостандығы индексінде Тәжікстан 161-орында тұр.

Бас кеңсесі Чехияның астанасы Прага қаласында орналасқан Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) корпорациясы сөз еркіндігі шектелетін немесе еркін БАҚ әлі толық қалыптаспаған 22 елде (арасында Қазақстан да бар) 26 тілде әртүрлі платформа (интернет, радио, телеарна, видео) арқылы хабар таратады. АЕ/АР аудиториясы - 34 миллион адам.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG