Accessibility links

Түркия, Ирак және күрдтер Бағдадидің көзін жоюда маңызды рөл атқарғанын мәлімдеді


Әбу Бәкір әл-Бағдади. 2014 жыл.
Әбу Бәкір әл-Бағдади. 2014 жыл.

Түркия, Ирак арнайы қызметінің өкілдері мен АҚШ қолдайтын күрд жасақтарының басшылығы АҚШ-тың Сирия солтүстігіндегі операциясында өздерінің маңызды рөл атқарғанын мәлімдей бастады. Бұған дейін осы операция барысында "Ислам мемлекеті" террор тобының жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадидің өлтірілгені хабарланған.

Операция жексенбіге қарайтын түні Идлиб провинциясында болған. АҚШ арнайы қызметі Түркия шекарасына таяу жердегі Бариша елдімекеніндегі үйге шабуыл жасап, соңынан әуеден атқылаған.

Reuters агенттігі дәйек келтірген Ирак арнайы қызметі Бағдадидің қайда жасырынғаны жайлы ақпаратты "Ислам мемлекеті" жетекшісінің айналасында жүрген екі адамды тергеу барысында анықтағанын айтады.

Түркияның жоғары лауазымды қызметкері осы агенттікке Бағдади "өлтірілген" немесе "өзін-өзі өлтірген" жерге операциядан 48 сағат бұрын келгені жайлы түрік арнайы қызметі білгенін, АҚШ әскери қызметкерлері іс-қимылын өздерімен үйлестіргенін хабарлады.

Сирия күрдтері жасағының басшылығы АҚШ әрекетін Түркиямен емес, күрдтермен үйлестіргенін твиттер арқылы мәлімдеді.

Операцияның нысанасы Бағдади болғаны және оның "өлтірілгені" жайлы алғашқы ақпаратты Newsweek басылымы таратты. Бұл басылым Пентагон мен Трамп әкімшілігіндегі дереккөздерге сілтеген. Олардың мәліметінше, "Бағдадидің өлгені жайлы сеніммен айтуға болады, бірақ түпкілікті көз жеткізуге ДНК тесті мен өзге де сараптамалар керек".

Newsweek операцияға кірісу туралы бұйрық осы аптада Трамптан түскенін хабарлайды. Басылымның дерегінше, арнайы қызмет қолына түсер сәтте әл-Бағдади мен оның екі әйелі өзін-өзі жарып жіберген.

Түркияның Anadolu агенттігі операцияға АҚШ-тың кем дегенде 8 тікұшағы қатысты деп жазды.

Идлиб провинциясы бұрын "Ислам мемлекеті" ұйымының бақылауында болмаған. Қазір бұл аумақты Башар Асадтың үкімет әскерімен соғысып жүрген, бірақ "Ислам мемлекетімен" одақтас болмаған Сирия жиһадшылары бақылайды.

Өзін "Ислам мемлекетінің" "халифі" деп жариялаған әл-Бағдадидің өлімі туралы алғашқы ақпараттар Сирия жиһадшылары 2014 жылы Ирактың Мосул қаласын алғаннан кейін шыққанымен, расталмаған. "Ислам мемлекеті" Ирак пен Сириядағы аумақтарынан айырылған соң террор тобы жетекшісінің қайда жүргені беймәлім болған еді.

Бақылаушылардың көпшілігі "сенуге болады" деп санайтын Бағдадидің видеосы биыл сәуір айында жарияланған. Қыркүйекте жиһадшылардың ақпарат ресурсы әл-Бағдадидің дауысына ұқсас аудиожазба жариялаған еді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG