Accessibility links

Ақтөбеде "алаяқтық" айыбымен әкімдіктің бұрынғы қызметкерінің соты басталды


Сотталушы Жанаргүл Дүйсекенова (ақ киімді) мен Гүлайым Нұрмұханова (қоршауда) қорғаушыларымен бірге сот залында отыр. Ақтөбе. 28 қазан, 2019 жыл.
Сотталушы Жанаргүл Дүйсекенова (ақ киімді) мен Гүлайым Нұрмұханова (қоршауда) қорғаушыларымен бірге сот залында отыр. Ақтөбе. 28 қазан, 2019 жыл.

Дүйсенбі, 28 қазан күні Ақтөбе соты қалалық әкімдіктің тұрғын үй қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Жанаргүл Дүйсекенова мен оның сыбайласы деп айыпталған Гүлайым Нұрмұқанованың ісін қарай бастады.

Тергеудің мәліметінше, сотталушылар Дүйсекенова мен Нұрмұқанова «мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алып береміз» деген желеумен алаяқтыққа барып, Ақтөбенің 49 тұрғынынан 100 млн теңге алған.

- Бұрын халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы болған Гүлайым Нұрмұқанова жұмыс бабымен қалалық тұрғын үй қатынастары бөліміне жиі келіп тұрған. Бірақ Нұрмұқанова ешқашан Дүйсекенованың қалта телефонына хабарласпаған. Жұмыс телефонына қоңырау шалып, «сөйлесуіміз керек» деген құпия сөзбен түсінісіп, жолығып жүрген - дейді мемлекеттік айыптаушы Дияс Ілиясов.

Ілиясовтың сөзінше, қазір қамауда отырған Гүлайым Нұрмұқанова айыптың бәрін мойындап отыр.

Ал әуелде тергеу изоляторында 5 айдай болып, кейін денсаулығына байланысты ешқайда шықпау туралы қолхатпен босаған Жанаргүл Дүйсекенова өзін «кінәсізбін» деп санайды.

- Иә, мен жұмыс барысында Гүлайым Нұрмұқановамен жиі кездесетінмін. Бірақ мемлекеттік бағдарламамен берілетін пәтер кезегін жылжыту үшін одан ешқашан ақша алған емеспін. Арым таза! Мен 15 жыл мемлекеттік қызметте болып, соңғы жылдары қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімін басқардым. Бірақ пәтерді мұқтаж адамдарға мен емес, қала әкімі жетекшілік ететін арнайы комиссия бөлетін - дейді Жанаргүл Дүйсекенова.

Сотқа жәбірленуші ретінде шақырылған Гүлзар Сұлтанова есімді адам ортақ таныстары арқылы Гүлайым Нұрмұқановаға 3 млн 800 мың теңге бергенін айтады.

- Араға жыл салып, шаруам шешілмеген соң күдік туа бастады. Шыдамым таусылып, сотқа шағымдандым. Жанаргүл Дүйсекенованы ешқашан көрмегем. Осы аралықта Гүлайым мені алдап келді, - дейді ол.

Ақтөбе қалалық сотының судьясы Ербол Әбдіхалықов алдымен жәбірленушілерді тыңдау туралы шешім қабылдады. Олардың ұзын саны - 49 адам. Жанаргүл Дүйсекенова мен Гүлайым Нұрмұқанованың келесі сот отырысы 31 қазан күні өтеді.

Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Жанаргүл Дүйсекенова биыл сәуір айында қамауға алынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG