Accessibility links

Қырғызстанның экс-депутаты Дамирбек Асылбекуулуна шыққан үкім өзгермеді


"Шекарадан контрабандалық тауар өткізбек болды" және "трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысты" деп айыпталғандардың апелляциялық шағымы қаралған сот. Алматы, 5 қараша 2019 жыл.
"Шекарадан контрабандалық тауар өткізбек болды" және "трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысты" деп айыпталғандардың апелляциялық шағымы қаралған сот. Алматы, 5 қараша 2019 жыл.

5 қарашада Алматы қаласының аппелациялық соты Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты Дамирбек Асылбекуулуна шыққан үкімді өзгертпеді.

"Шекарадан контрабанда тауарын өткізбек болды" және "трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты" деп айыпталған Асылбекуулы мен тағы да 11 адамның үстінен жүрген сот ісі биыл сәуірде өтіп, оларды 3 жылдан 14 жылға бас бостандығынан айырған. Дамирбек Асылбекуулу он жылға сотталған. Сот бұған қоса, Қырғызстан азаматын жазасын өтеген соң Қазақстан аумағынан шығарып, кейін 5 жыл бойы кіруге тыйым салған.

Апелляциялық сот осы іс бойынша 14 жылға сотталған Есбол Жаппасовтың жазасын қысқартып, оған 12 жыл берді. Ал 10 жылға сотталған Қырғызстан азаматы Уланбек Мурадиловтің үкімін 8 жылға ауыстырды. Қалған айыпталушыларға қатысты алғашқы инстанцияның үкімі өзгеріссіз қалды. Бұған қоса, сот "қылмыстық топ әрекетінен Қазақстанға келтірілген шығын – 99 миллион теңгені" айыпталушылардың төлеуін міндеттеді.

Айыпталушылардың мен олардың адвокаттары үкіммен келіспейтіндерін айтып, Жоғарғы сотқа дейін шағымданатындарын жеткізді.

Қырғыз парламентінің бұрынғы депутаты Дамирбек Асылбекуулу сотта отыр. Алматы, 2 қараша 2018 жыл.
Қырғыз парламентінің бұрынғы депутаты Дамирбек Асылбекуулу сотта отыр. Алматы, 2 қараша 2018 жыл.

Алғашқы сот үкімімен келіспеген айыпталушылар аппеляциялық шағым түсіріп, биыл қыркүйектің 12-сінде апелляциялық сот басталған еді. Онда экс-депутат пен осы іс бойынша сотталған 11 азаматтың адвокаттары апелляция инстанциясы аясында тергеу амалдарын жүргізу туралы сотқа өтініш түсірген. Екі айға жуық өткен сот тергеуі кезінде айыпталушылар мен олардың адвокаттары "шекарадан заңсыз өтті" деген 12 жүк көлігі Қырғызстанның кедендік бақылауынан өткенін, оған дәлел болатын құжаттарды көрсетті. Бұған қоса, "айыпталушылар әрекетінен Қазақстан экономикасына 99 миллион теңгеден аса залал келді" дегенмен де келіспеген. Олар Қазақстан мен Қырғызстан Еуразия экономикалық одағына кіретінін атап өтті. Ал ЕАЭО елдерінің бюджетін қадағалайтын – Еуразиялық экономикалық комиссия барын ескерткен адвокаттар залал көлемі 99 миллион теңге деп белгіленгеннің өзінде Қазақстанға тиесілі бөлігі бар-жоғы 7 пайызды құрайтыны, яғни айыпталушылардан 99 миллион теңге емес, 7 миллион теңдеген аса соманы өндіру қажеттігін айтқан.

Дамирбек Асылбекуулу 2018 жылы 15-16 ақпанда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жамбыл облысында өткен арнайы операция кезінде қамауға алынған. Онымен бірге ұсталған 34 адамның арасында кеден органдары, шекара қызметінің лауазымды тұлғалары, брокерлер болған. Ұсталғандардың үшеуі – Қырғызстан азаматы.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG