Accessibility links

Стивен Сигал Ресей аннексиялап алған Қырымда туристік жобаны жарнамалайды


Актер Стивен Сигал (сол жақта) және "Боспор патшалығының алтын діңгегі" жобасының жетекшісі Христофор Константиниди.
Актер Стивен Сигал (сол жақта) және "Боспор патшалығының алтын діңгегі" жобасының жетекшісі Христофор Константиниди.

Бір жылдан астам уақыттан бері Ресейдің сыртқы істер министрлігінің арнайы өкілі қызметін атқарған актер Стивен Сигал "Боспор патшалығының алтын діңгегі" атты туристік жобаны жарналамайды. Орыс географиялық қоғамы жасаған жоба 2014 жылы Ресей аннексиялап алған Қырым түбегінде туризмді дамытуға бағытталған.

2019 жылы сәуір айында орыс географиялық қоғамының қамқоршылар кеңесінің жиынында Ресей президенті Владимир Путин "Боспор патшалығының алтын діңгегін" ең маңызды туристік жобалардың бірі ретінде атап, "Ресейдің саналуандығын әлемге паш ете алады" деген.

Ал Сигал ежелгі тарих пен мәдениетке қызығатынын айтып, жобаның "елшісі" болуға әзір екенін жеткізген.

Бұл жоба Қырымның 12 қаласындағы 35-тен астам нысанды, бұған қоса Ресейдің Краснодар өлкесі және Ростов облысын қамтиды.

Өткен ғасырдың 80-жылдары танымал болған актер Стивен Сигал Владимир Путиннің бұрынғы досы. Ол бірнеше рет Ресейге келген. Мәскеу аннексиялап алған Қырым да болған.

Оқи отырыңыз: Стивен Сигал Путин мен ФСБ-ні мадақтады

2016 жылы қараша айында Путин Сигалға Ресей азаматтығын беру туралы жарлыққа қол қойып, төлқұжатты өзі тапсырған. Сигал 2018 жылы тамыз айында Ресейдің сыртқы істер министрлігінің Америкамен гуманитарлық байланыс жөніндегі арнайы өкілі болып тағайындалды. Мминистрлік бұған дейін актердің ведомстводан жалақы алмайтынын айтқан.

2014 жылы наурызда Ресей Украинаның Қырым түбегін аннексиялап алған еді. Халықаралық ұйымдар Ресейдің бұл әрекетін заңсыз деп сынаған. Батыс елдері Қырым аннексиясынан кейін Ресейге санкция салған. Мәскеу Қырымды аннексиялап алғанын жоққа шығарады және мұны "тарихи әділдіктің орнауы" деп атайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG