Accessibility links

Халықаралық ұйымдар Балтабайды босату бойынша ғаламдық кампания бастағанын хабарлады


Кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай. Шымкент, 16 сәуір 2019 жыл.
Кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай. Шымкент, 16 сәуір 2019 жыл.

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы IndustriALL одағымен бірігіп, кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабайды босату бойынша ғаламдық кампания бастады деп хабарлады Адам құқығын қорғау бюросы 8 қарашада.

Қазан айында Шымкент соты бастапқыда "Сеніп тапсырған мүлікті иемдену" бабы бойынша жеті жылға сотталып, кейін рақымшылықпен босап шыққан кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабайды 5 ай 8 күнге қамау туралы қаулы шығарған. Бұған дейін Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы кәсіподақ белсендісінің негізсіз қамалғанын мәлімдеп, босатуға шақырған.

LabourStart сайтында жарияланған шағын мәтінде ұйым өкілдері азаматтарды Ерлан Балтабайға тағылған айыпты алып тастап, босатуды талап еткен хат үлгісіне қол қоюға шақырады.

"[Халықаралық еңбек ұйымының] Ережелерді қолдану жөніндегі комитеті биыл маусым айында Қазақстанды негізгі еңбек шарттарын бұзғаны үшін (комитет есебінің) арнайы параграфына енгізіп, санкция салды. Шын мәнінде Қазақстанның репутациясы өте нашар және жұмысшылар құқығы қорғалмаған әлемдегі он елдің қатарында" делінген мәтінде.

Ұйым өкілдерінің айтуынша, бұл хатқа қол қойған адамдардың шағымы Ақорда, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның БҰҰ-дағы өкілдігі және өзге органдар мен ұйымдарға жіберілмек. Сайтта бірақ қазірге дейін қанша хат жолданғаны туралы дерек жоқ.

Шілде айында Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты "Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабайды Қылмыстық кодекстің "Сеніп тапсырған мүлікті иемдену" бабы бойынша кінәлі деп тауып, жеті жылға соттаған. Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, істің саяси астары бар екенін айтқан. Ал оның ісін қараған судья "Балтабайдың кінәсі толық дәлелденді" деген.

Сот үкімі шыққан соң қазақстандық құқық қорғаушылар және бірқатар халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін үкімнің күшін жойып, белсендіні босатуға шақырған. Құқық қорғаушылар "билік тәуелсіз кәсіподақтар қозғалысын қорқыту және құрту науқанын" жалғастырып отыр деген.

Қазан айында оны бес айға қамаған сот Балтабайдың алғашқы іс бойынша айыппұл төлеуден бас тартқанын алға тартқан еді. Ал Балтабай бұған дейінгі соттарда "өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге тырысқанын, бірақ оған мұрсат берілмегенін" айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG