Жексенбі, 10 қарашада Нұр-Сұлтанда сайлау және саяси партиялар туралы заңнаманы өзгерту мақсатында референдум өткізуді қолдайтын азаматтардың жиыны басталар кезде белгісіз ер адам конференция залында айғай-шу шығарды.
Белсенділердің сөз сөйлей бастағаны сол еді, залда отырған бір ер адам орнынан тұрып, жиынның заңды өтіп жатқанына күмән келтірді.
- Әрбір қаладан отыз адам келді дейді, орындарыңыздан тұрыңыздаршы, көрейік, - деп айқайлады ол.
"Халық өкілімін" деп айқайлап, аты-жөнін айтпаған ер адамды жиынға қатысушылар қоршап алып, күзетшілер күшпен залдан шығарды.
Бүгінгі жиынды соңғы президент сайлауында бақылаушы болған және 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар ұйымдастырған. Залда Қазақстанның 14 облысынан келген шамамен 500-ден астам адам болды.
Референдум өткізу тобы штабының жетекшісі болып Нұрлан Есқалиев сайланды. Хатшысы белсенді Ақмарал Қамбарқызы болды.
"Референдумның негізгі мақсаты - бұл халықтың өз құқығы үшін күресі, бұл құқық бұзылып жатыр. Азаматтық белсенділік азайып барады. Билік халыққа қызмет етуі тиіс болса да, билік пен халық арасындағы "апан" тереңдеген. Билікті диалогқа шақыру керек. Біз Қазақстан тұрғындарын мемлекет басқару ісіне тартуымыз керек. Егер мұны референдум арқылы жүзеге асыру мүмкін болмаса, онда мәселе басқа" деді Нұрлан Есқалиев.
Бұдан кейін әр облыс бойынша бастамашыл топтың жетекшісі таңдалды. Жиын соңында ұйымдастырушылар референдум өткізу мақсатында 200 мың адамның қолын жинай бастау үшін жиын хаттамасын республикалық сайлау комиссиясына тапсыратынын айтты.
- Заң бойынша референдум өткізуге президент қана рұқсат бере алады. Президент шешімінен кейін дауыс беру науқанын өткізу тәртібі бекітіледі. Қазіргі заңнама бойынша, партия құру үшін кемінде мың адам қатысқан құрылтай съезін өткізу қажет. Оған облыстардан, республикалық маңызы бар қалалар мен астанадан адамдар жиналуы керек. Партияны тіркеуден өткізу үшін оның құрамында кемінде 40 мың адам болуы керек.
- 2019 жылы Қазақстанда саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді талап еткен қарсылық акциялары жиіледі. Елді 30 жылға жуық үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыз айында президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатып, орнына Тоқаевты қалдырған. 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, ресми қорытындысы бойынша Тоқаев 70 пайыз дауыспен жеңіске жеткен. Қазақстанның ірі қалаларында көптеген азамат кезектен тыс президент сайлауының қорытындысына күмән келтіріп, әділ сайлауды талап етті. 9-13 маусым аралығында Алматы мен Нұр-Сұлтанда ресми дерек бойынша, рұқсат етілмеген митингіге қатысқан төрт мың адам ұсталды. Жүздеген адам әкімшілік жазаға тартылды.
- ЕҚЫҰ бақылаушылар миссиясы сайлау кезінде көптеген заңбұзушылық пен азаматтарды ұстау болғанын айтып сынады.
ПІКІРЛЕР