Accessibility links

Журналист Батырбековтің жақтастары оны қамаудан босатуды талап етті


Амангелді Батырбековтің жақтастары сот алдында тұр. Түркістан қаласы, 12 қараша 2019 жыл.
Амангелді Батырбековтің жақтастары сот алдында тұр. Түркістан қаласы, 12 қараша 2019 жыл.

12 қарашада Түркістан қаласындағы Түркістан облыстық соты "Жала жабу" және "Қорлау" бабымен 2 жыл 3 айға сотталған журналист Амангелді Батырбековтің апелляциялық шағымын қарай бастады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сот процесіне Қазақстанның бірнеше қаласынан Батырбековтің ондаған жақтаушысы келді. Олар отырыс алдында соттан журналисті бостандыққа шығаруды талап етті.

Сот процесіне Алматыдан келген "Әділ сөз" қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева "Амангелді Батырбековтің сотталуы – Қазақстанды халықаралық аренада ұятқа қалдыратын тірлік. Егер Сарыағаш аудандық сотының үкімі күшінде қалса, елде сөз еркіндігі мен бостандығы шектелетінін көрсетеді. Біз Батырбековтің үстінен шыққан үкім түзетіліп, оның негізсіз қудалаудан қорықпай журналистік қызметін жалғастырғанын қалаймыз" деді.

Сот отырысына келгендер тар залға сыймай қалды. Олар соттан отырысты үлкен залда өткізуді сұрады. Сот алқасы жиналғандарды сабырға шақырып, залдағы 16 орындыққа отыратындар ғана қалуын сұрап, бес минут үзіліс жариялады. Үзілісте полиция Батырбековтің жақтаушылары мен кейбір журналистерді дәлізге шығарды.

Амангелді Батырбеков сотта. Түркістан қаласы, 12 қараша 2019 жыл.
Амангелді Батырбеков сотта. Түркістан қаласы, 12 қараша 2019 жыл.

Сотқа жәбірленуші Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиев қатыспады. Сотқа келген Абдиевтің адвокаты Гүлжан Абдукаликова отырысқа журналистердің қатысуына түбегейлі қарсы болды. Батырбековтің адвокаттары мен қоғамдық қорғаушысы әрі әйелі Гүлзада Баймұратова сотты істі кең залда қарап, сотталушының жақтастары мен журналистердің қатысуын қамтамасыз етуді сұрады. Батырбеков қорғаушыларының айтқанымен келісті.

Сот алқасы отырысты кең залда өткізуге және жақтастары мен журналистердің процеске қатысуына рұқсат берді. Тек журналистердің фото-видео түсіру мәселесін 15 қарашада өтетін келесі отырыста талқылайтынын айтты.

Сот процесінен соң Батырбеков Азаттық тілшісіне өзіне түрмеде тінту жасалғанын, кінәлі емес екенін жеткізді.

- Егер Қазақстанда қылмыстық кодекс жұмыс істесе мен ақталамын, - деді ол.

Батырбековті күзетшілер алып кетіп бара жатқанда дәлізде отырған оның жақтаушылары "бостандық" деп айқайлады.

23 қыркүйекте Түркістан облысы Сарыағаш аудандық соты "Сарыағаш инфо" газетінің редакторы Амангелді Батырбековті Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" және "Қорлау" баптары бойынша кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған. Сот үкіміне сәйкес, Амангелді Батырбеков Facebook парақшасында жергілікті шенеунік Бахтияр Абдиевтің "ар-намысына тиетін, қадір-қасиетін қорлайтын сөздер жариялаған".

"Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Қазақстан билігін журналист Амангелді Батырбековті дереу босатып, оған тағылған барлық айыпты алып тастауға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG