Accessibility links

Нұр-Сұлтанда бір топ адам Дулат Ағаділ туралы ақпарат беруді талап етті


Дулат Ағаділдің әйелі Гүлнар Қасымханова. Нұр-Сұлтан, 14 қараша 2019 жыл.

14 қарашада түскі сағат 11.30-12.00 шамасында Нұр-Сұлтанда бір топ адам бас прокуратура және ішкі істер министрлігінің алдына барып, "уақытша қамау изоляторынан қашып кетті" делінген белсенді Дулат Ағаділ туралы ақпарат беруді талап етті. Белсендінің өмірі мен денсаулығына алаңдаған топ оның "босап шығуына аз қалғанда қашып кеткені" туралы ақпаратқа сенбейтінін айтып, дәлел көрсетуді талап етті.

Белсендінің әйелі Гүлнар Қасымханова "күйеуінің қашып кеткені туралы" ақпаратты естіп, шок болғанын айтады. Ол бұған дейін әлеуметтік желіде тараған "Ағаділ үйінде тінту болды" деген ақпаратты жоққа шығарды.

20-30 шақты адамның алдына шыққан ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитетінің өкілі Кәрім Қасымов "Дулат Ағаділдің қамау орнынан қашып шыққанына" видео-дәлел бар екенін айтты.

- Видеодан оның сыртқы киімін қалай кигені, жарықты қалай сөндіргені көрінеді. Ол "аяғым ауырады, біраз жазып алайын" деп дәлізде жүруге сұранған. Оның серуендеуге құқығы бар. Кезекші далада суық болғандықтан дәлізде жүруге рұқсат берген. Сүйтіп жүрген кезде кезекшіні телефонға шақырған. Ал дәл сол кезде ол дәретханаға баруға сұранған. Рұқсат берген. Сүйтсе сыртқы құлпының бірі жабылмай қалған екен. Соны көріп, ашып кетіп қалған. Іздері де бар, - деді Кәрім Қасымов.

Ал белсенділер "кеше ғана Ағаділмен сөйлестік, ертең қарсы алыңдар деп айтқан, бұл ақпаратқа сенбейміз" деп белсендінің "қашқанын дәлелдейтін" барлық видео материалдарды көрсетуді талап етті.

Ал Кәрім Қасымов Дулат Ағаділдің шын мәнінде қарашаның 14-де емес, 19-да шығатынын, "сотқа құрмет көрсетпегені үшін" тағы бес күнге қамалғанын айтты. Ол сот қаулысының көшірмесін көрсете алам деп айтқанмен көрсеткен жоқ. Азаттық тілшісі бұл сот қаулысын сот құжаттары жарияланатын арнайы ресурстан да таба алмады.

Бұдан соң белсенділер ішкі істер министрлігі өкілдерінен "Дулат Ағаділ қашты" делінген қамау орнына бірге барып, айғақтарды көрсетуді талап етті. Ал Кәрім Қасымов "бастықтардан сұранайын" деп ішке кіріп кетті. Ғимарат ішінде белсенділер "Тапсын!" деп айқайлады.

13 қарашада Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер ауылының тұрғыны 42 жастағы белсенді Дулат Ағаділдің осы аудандағы тергеу изолятордан "қашып кеткені" туралы ақпарат шыққан. Жақтастарының айтуынша, "полицияға бағынбады" деп айыпталып, 4 қарашада 10 күнге қамалған Ағаділ 14 қарашада босап шығуы тиіс болған. Бірақ ішкі істер министрлігі ол "сотқа құрмет көрсетпегені үшін" қосымша бес күнге қамалып, 19 қарашада шығуы тиіс болған дейді. Құқық қорғаушылар мен белсендінің туыстары, жақтастары "бұған дейін талай рет әкімшілік жаза тартылып, қамалған" белсенді мұндай "құқық бұзушылық жасады" деген тұжырымға күмәнмен қарайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG