Accessibility links

"ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталғандар ісі: Куәгерлер сұрала бастады


Сот басталар кезде айдауыл "ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталған Оксана Шевчук (сол жақта) пен Гүлзипа Жәукерованың қолынан кісенді алды. Алматы, 14 қараша 2019 жыл.
Сот басталар кезде айдауыл "ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталған Оксана Шевчук (сол жақта) пен Гүлзипа Жәукерованың қолынан кісенді алды. Алматы, 14 қараша 2019 жыл.

Тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына “қатысы бар” деп айыпталған төрт тұрғынның ісі бойынша сотта куәгерлерден сұрақ-жауап алына бастады.

Ең бірінші болып ортаға куәгер Дінмұхамед Байтукаев шақырылды. Прокурор Мұхит Рысбековтің айтуынша, оған өзге қылмыстық іс бойынша айып тағылған. Айыптау тарабының болжамынша, Байтукаев түрлі-түсті бояуы бар пакетті Гүлзипа Жәукероваға берген. Тергеу кезінде тергеуші Толғанай Ержановаға көптеген маңызды жайттарды баяндап берген. Алайда сотта куәгер Байтукаев пакетте не барын білмегенін, оны анасы өзге адамға апарып беруді тапсырғанын айтты. Ал прокурор куәгерге тергеу кезінде басқаша жауап бергенін "есіне салды".

Сотта тергеу кезінде оған қысым жасалды ма деген сұрақ пайда болды. Сотта айтылған дерекке сәйкес, Байтукаевты полиция 4 шілдеде ұстап, үш күн бойы Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша қамау орнында тергеген. Оған жағдайын түсіндіретін бірде-бір ресми құжат көрсетпеген. Тергеу соты үш күнге созылған тергеуден кейін бір аптаға қамаған. Тергеу кезінде полиция қызметкерлері оны мен шешесін "түрмеге отырғызамыз" деп қорқытқан. 14 шілдеде сот Байтукаевты үйқамаққа ауыстырған.

Қорғау тарабы тергеу кезінде куәгер Байтукаевты уақытша қамау изоляторына қамап, тергегенін "жасырын қысым" деп бағалады. Ал Байтукаев тергеу кезінде өзіне қысым жасалмағанын айтты.

Байтукаев жауап бергеннен кейін прокурор Рысбеков "процесс барысында оған сұрақтар туындауы мүмкін" екенін айтып, соттан оны процеске қатысуға міндеттеуді сұрады. Ал қорғау тарабы оның жауап бергенін айтып, қарсы болды. Прокурордың өтінішін қорғау тарабы тергеу кезінде басталған "қысымның жалғасы" деп атады. Судья Дарханова прокурордың өтінішін қанағаттандырмады. Осыдан кейін судья Құралай Дарханова түскі 15.00-ге дейін үзіліс жариялады.

Бүгінгі отырыстың басында судья Құралай Дарханова кеше сотта айтылған Жазира Демеуованың қауіпсіздігіне байланысты адвокат Әсем Түсіпованың өтінішін қанағаттандырды. Сәрсенбі, 13 қарашада адвокат Әсем Түсіпова өткен аптада белгісіз ер адамның Демеуоваға қоқан-лоқы жасап, Жәукерова мен Шевчукке қарсы куәлік беруге мәжбүрлегенін айтқан еді. Судья Дарханова қаулы шығарып, жергілікті полицияға Демеуова мен оның отбасын қорғау туралы тапсырғанын айтты.

13 қарашада айыптау актісін оқыған прокурор Мұхит Рысбеков 30 жастағы Оксана Шевчук, 51 жастағы Гүлзипа Жаукерова, 48 жастағы Жазира Демеуова және 36 жастағы Әнуар Әшіралиевке Қылмыстық кодекстің 405-бабы 2-тармағы бойынша (Тыйым салынған ұйымның жұмысына араласу) айып тағылғанын айтқан.

13 қарашада қорғау тарабы судья Дарханова мен Алмалы аудандық соты және прокурор Рысбековті ауыстыру туралы өтініш жасағанмен өтініштері қанағаттандырылмады. Кеше сонымен бірге айыпталушы әйелдерді үйқамаққа шығару туралы өтініштер де қанағаттандырылмады.

Шевчук, Жәукерова және Әшірәлиев 4 шілдеден бері Алматыдағы тергеу изоляторында отыр. Тамызда қазақстандық құқық қорғаушылар Демеуова, Жәукерова, Әшірәлиев және Шевчукті “саяси тұтқындар” тізіміне қосқан. Қазақстан билігі елде “саяси тұтқындардың” барын жоққа шығарады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG