Орал қаласы орманды қорғау және жануарлар әлемі мемлекеттік мекемесінің 54 жастағы қорықшысы Геннадий Головотенкоға екі адам шабуыл жасаған. Қорықшы олардың көліктерін тексермек болған. Қазір шабуылға күдіктілер ұсталып, "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Головотенконың сөзінше, Орал маңындағы Круглоозерное кентінде мылтық дауысы естілгені жайлы хабар түскен. Головотенко мен оның әріптестері оқиға орнына шыққан.
- Далада жүрген көлікті тоқтаттым. Көліктегі екі жігіт мас екен. Ашулы түрде көліктерін көрсетпейтіндерін айтты. Олар маған бірнеше рет жұдырық жұмсап, кейін оқ ата бастады. Көлігіме қашып, тығылып үлгердім. Осылайша аман қалдым, - деді қорықшы.
Кейін Головотенко оқиғаның жай-жапсарын полицияға баяндаған. Осыдан соң полиция оқиға орнына жеткен.
- Екі күдікті оқ атқан соң із суытып үлгерген. Бірақ кейін оларды таптық. Екеуі де – Орал тұрғыны, 1987 жылы туған. Біреуі бұған дейін бірнеше рет сотталған, - деді Орал полиция департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Бисенов.
Полицияның айтуынша, күдіктілердің көлігінен 20 оқ, пышақ және еліктердің өлексесі табылған.
- 2019 жылы қаңтарда Қарағанды облысында браконьерлер "Охотзоопром" мекемесінің қорықшылары Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницыкқа шабуылдаған. Нұрғалиевке оқ тиіп, қаза тапқан. Ал Ницык жарақаттанған. Қазір осы оқиға бойынша үш күдіктінің үстінен сот жүріп жатыр.
- 2019 жылы шілдеде Ақмола облысында браконьерлер инспектор Қаныш Нұртазинов пен Самат Оспановқа шабуылдаған. Нұртазинов қаза тауып, Оспанов жараланған. Қазір екі күдікті ұсталып, олардың үстінен "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
- Осы оқиғалардан соң Қазақстан билігі қорықшыларға жасалатын жағдай жақсаратынын, браконьерлерге жаза күшейетінін айтқан.
ПІКІРЛЕР