Accessibility links

"Изолятордан қашқан" Дулат Ағаділді полиция қамау орнына алып кетті


Полицейлердің белсенді Дулат Ағәділді күштеп ұстап бара жатқан сәті. Нұр-Сұлтан. 26 қазан, 2019 жыл.
Полицейлердің белсенді Дулат Ағәділді күштеп ұстап бара жатқан сәті. Нұр-Сұлтан. 26 қазан, 2019 жыл.

"Изолятордан қашты" делінген астаналық белсенді Дулат Ағаділ 15 қарашада таңертең Нұр-Сұлтандағы бас прокуратура ғимаратына барған кезде полицейлер оны сол жерден ұстап әкетті.

Полиция көлігіне отырмас бұрын ол "өзінің заңсыз қамалғанын айтып, әділетсіздікке төзбей, сол жерден өз еркімен кетуге мәжбүр болғанын" айтты. WhatsApp-та тараған видеода Ағаділ "изолятордан қашып шығуының себебін" былай деп түсіндіреді.

"Мен шынымен де қашып кеттім, қашуға мәжбүр болдым. Себебі мені бір айдың ішінде бес рет соттады. Жоғарғы сотқа, бас прокурорға, ішкі істер министріне хат жаздым. Бірақ олардан жауап келмеді. Соған қарағанда Целиноград аудандық полиция бөлімшесі менің хаттарымды жібермеген сияқты. Менің құқығым бұзылып жатыр. Ала жіптен аттаған жоқпын, ешкімнің ақшасын ұрлаған жоқпын. Ешкімді өлтірген жоқпын, зорлаған жоқпын" деді Дулат Ағаділ.

Бас прокуратура алдында белсенділер мен туыстары полиция қызметкерлерінің оны ұстауына қарсы болғанмен оны көлікке отырғызып, Целиноград ауданына алып кетті.

13 қарашада Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер ауылының тұрғыны 42 жастағы белсенді Дулат Ағаділдің осы аудандағы тергеу изолятордан "қашып кеткені" туралы ақпарат шыққан. Ішкі істер министрлігі оның серуендеуге сұранып, кір жуатын бөлменің жартылай бекітілген терезесі арқылы сыртқа шығып, ескі дуалдың саңылауы арқылы көшеге шығып кеткенін хабарлады.

Ал жақтастары босап шығуына аз қалған белсендінің изолятордан "қашып кеткеніне" күмән келтіріп, Ағаділ отырған изоляторға да барып, түсініктеме беруді талап еткен. Целиноград аудандық полиция бөлімі Ағаділ "әкімшілік баппен қамауда отырғандықтан" оны изолятордан қашқаны үшін жазаламайтынын, "қалған бес күн отырып шыққаннан кейін" босататынын айтқан.

Оқи отырыңыз: Жақтастары белсендінің "қамаудан қашқанын" айтқан полициядан айғақ талап етті

42 жастағы Дулат Ағаділ азаматтық құқықтар мен саяси бостандықтардың сақталуын талап етіп жүрген белсенді ретінде танымал. Ол билікке наразылық акцияларына қатысқаны үшін бұған дейін бірнеше рет әкімшілік қамауда болған. Соңғы рет қарашаның 4-і күні Ақмол кентінде "сотқа апармақ болған полицияның заңды талабына бағынбаған" деген айып тағылып, сот шешімімен 10 тәулікке қамалған.

Оған дейін, қазанның 28-і күні Целиноград аудандық соты Дулат Ағаділді "қазанның 17-і күні аудандық полиция бөлімінде билік өкілдерінің талабына мойынсұнбаған" деген айыппен 10 тәулікке қамауға шешім шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG