Accessibility links

"Изолятордан қашты" делінген Ағаділдің жақтастарына видеоны көрсетті


Дулат Ағаділді қолдап, ішкі істер министрлігіне келген адамдар. Нұр-Сұлтан, 14 қараша 2019 жыл.
Дулат Ағаділді қолдап, ішкі істер министрлігіне келген адамдар. Нұр-Сұлтан, 14 қараша 2019 жыл.

14 қарашада түстен кейін Ақмола облысы Целиноград аудандық полиция бөлімшесі "қамау орнынан қашып кетті" делінген белсенді Дулат Ағаділ жайлы видеоны жақтастарына көрсетті. Бұған дейін бір топ адам белсенді Дулат Ағаділ изолятордан қашып кетті деген ақпаратқа күмән келтіріп, ішкі істер министрлігі мен бас прокуратурадан оның "қашып шыққанын" дәлелдейтін видео-айғақ көрсетуді талап еткен еді. Олар 14 қарашада түстен кейін Целиноград ауданының орталығы Ақмол елді мекеніндегі уақытша қамау орнына барып, түсініктеме талап еткен.

Уақытша қамау орны мен Целиноград аудандық полиция бөлімшесі көрсеткен бір видеода Ағаділдің камерада жыбырлап жүргені, құжаттарын реттегені, сыртқы киімін киіп, шыққаны көрінеді. Видео маңдайшасындағы уақыт 13 қараша таңғы сағат бес шамасын көрсетіп тұр. Дәлізден түсірілген тағы бір видеода Ағаділдің ерсілі-қарсылы жүргені көрінгенмен оның "қашып кеткен сәті" көрінбейді.

Целиноград аудандық полиция бөлімінің бастығы Ерлан Әкпаровтың айтуынша, ғимараттың сыртында бақылау камералары жоқ, сол себепті Ағаділдің ол жақтан шығып кеткені туралы видео-жазба жоқ.

Әкпаровтың түсіндіруінше, 2013 жылы тұрғызылып, тозығы жеткен дуалдың астында саңылау бар. Ағаділ сол саңылаудан шығып кеткен. Оқиғаның барысын түсіндірген Әкпаров Ағаділдің уақытша қамау орнынан қашып кетпегенін - "өз еркімен кетіп қалғанын" айтты.

- Оған ешқандай жаза қарастырылмайды. Себебі ол әкімшілік баппен қамалып отыр. Біз мұндай жағдайда сиренаны да қолданбадық, себебі бұл қылмыстық іс емес. Табылғаннан кейін де ешқандай жауапқа тартылмайды. Тек қалған бес күн мерзімін өтейді, - деді белсендінің жақтастарын сабырға шақыруға тырысқан Ерлан Әкпаров.

Әкпаровтың айтуынша, оның қамау орнынан "өз еркімен шығып кеткені" анықталғаннан кейін 13 қарашада кешке жақын полицейлер Ағаділдің үйіне барған, бірақ ешкім есікті ашпаған. Ертесінде барған кезде оның жоғары сыныпта оқитын ұлы әкесінің үйге келмегенін айтқан. Полиция Ағаділдің досы Нұржан Сейітжановтың да үйіне барған, бірақ тінту жүргізбеген. "Біз үй иесінің рұқсатымен ғана үйді қарап шықтық" деді Ерлан Әкпаров.

Ол "белсендіге қысым көрсетілуі мүмкін" деген болжамды жоққа шығарып, "Ағаділдің дені сау, жағдайы жақсы екеніне, келетініне сенімдімін" деді. Бірақ оның табылғаны-табылмағаны жайлы нақты ақпарат айтпады.

Ал белсенділер полицияның сөзіне күмән келтіріп, олар көрсеткен видеоның "басқаша түсіндірілуі де" мүмкін екенін айтып болжады. "Егер Дулат Ағаділ жайлы жақсы хабар естімейтін болсақ, онда Ақордаға барып, қарсылық акциясын жалғастырамыз" деді белсенділердің бірі.

13 қарашада Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер ауылының тұрғыны 42 жастағы белсенді Дулат Ағаділдің осы аудандағы тергеу изолятордан "қашып кеткені" туралы ақпарат шыққан. Жақтастарының айтуынша, "полицияға бағынбады" деп айыпталып, 4 қарашада 10 күнге қамалған Ағаділ 14 қарашада босап шығуы тиіс болған (Ішкі істер министрлігі "сотқа құрмет көрсетпегені үшін" қосымша бес күнге қамалып, 19 қарашада шығуы тиіс болған дейді). Құқық қорғаушылар мен белсендінің туыстары, жақтастары "бұған дейін талай рет әкімшілік жаза тартылып, қамалған" белсенді мұндай "құқық бұзушылық жасады" деген тұжырымға күмәнмен қарайды.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, Дулат Ағаділ 13 қарашада таңертең дәлізде серуендеуге шығып, кезекші қызметкер телефонға жауап берем дегенше дәретханаға сұранған. Ол дәретханаға бармай кір жуатын бөлменің жартылай бекітілген терезесі арқылы сыртқа шығып, ескі дуалдың саңылауы арқылы көшеге шығып кеткен.

14 қарашада кешке әлеуметтік желіде оның табылғаны, дені сау екені туралы ақпарат шығып, кейіннен жазба өшірілді.

4 қарашада сот Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер ауылының тұрғыны Дулат Ағаділді "полицияға бағынбағаны үшін" он тәулікке қамаған. Оның алдында белсенді "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" 15 тәулікке қамалып шыққан. Босап шығуына аз қалғанда белсендінің "қамау орнынан қашқаны туралы" ақпараттың шығуы жақтастарын және құқық қорғаушыларды түрлі жорамал жасауға итермеледі. 14 қарашада Нұр-Сұлтанда бір топ адам прокуратура алдына жиналып, белсенді туралы мәлімет беруді талап етті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG