Accessibility links

Билік Ақтөбе облысында балықтың қырылу себебін түсіндірді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысында Атжақсы өзенінің балығы суда хлорид-ионның 9 есе көбейіп кетуінен қырылған. Бұл ақпаратты 15 қарашада Азаттық тілшісіне Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Қожықов айтты.

Қараша айының басында Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Жағабұлақ ауылы маңындағы Атжақсы өзенінде балықтың қырылып жатқаны туралы ақпарат шыққан. Жергілікті экологтар 4 қарашада өзеннен 60 келіден астам өлі балық: табан, күміс мөңке, алабұға, сазан, торта жинап алғанын хабарлады.

Өзен суынан сынама алып, өлген балықтарды зертханаға өткізген экологтар кешенді тексеру қорытындысын 15 қараша күні жариялады.

- Балық сынамаларын тексеру нәтижесінде инвазиялық аурулар табылған жоқ. Экология департаментінің гидрохимиялық талдау тұжырымдамасы өзен суында хлорид-ион көрсеткіші 9 есе асқанын анықтады. Осы дерек бойынша Атжақсы өзенін ластаған кінәлі тұлғаны анықтау және процессуалды шешім қабылдау үшін материал Мұғалжар ауданының полиция бөліміне жолданды, - дейді Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Қожықов.

Балық қырылған Атжақсы өзені Жаңажол мұнай кенішіне жақын орналасқан. Ерболат Қожықов "өзенге хлорид-ион өндірістен келуі мүмкін бе?" деген сауалға "мән-жайды полиция анықтайды" деп жауап берді.

Қазақстандағы өзендер мен көлдерде бұған дейін балық қырылу фактісі тіркелген. Мәселен, былтыр желтоқсанда Атырау облысындағы Жайық өзенінде 9 тонна тонна балық өлген. Кейін Атырау облыстық полиция департаменті балық қырылуына байланысты "Балық қорларын қорғау ережелерін бұзу" және "Суды ластау, қоқыстау немесе сарқу" баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғаған. Қылмыстық іс бойынша "Атырау Су арнасы" коммуналдық-шаруашылық кәсіпорнының бұрынғы директоры Руслан Құрметов, оның орынбасары Виктор Сущенко және су тазарту станциясының бастығы Михаил Чурсинге айып тағылған. Қазір сот жүріп жатыр.

Ал биыл тамызда Солтүстік Қазақстан облысы Тұлымбай көлінде мөңке балықтар қырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG