Accessibility links

Полиция: "Изолятордан қашқан" белсенді әкімшілік жауапқа тартылады


Целиноград аудандық полиция бөлімінде тұрған азаматтық белсенді Дулат Ағаділ (сол жақта). 15 қараша 2019 жыл.
Целиноград аудандық полиция бөлімінде тұрған азаматтық белсенді Дулат Ағаділ (сол жақта). 15 қараша 2019 жыл.

15 қарашада түстен кейін Ақмола облыстық полиция департаменті "изолятордан өз еркімен шығып кеткен" белсенді Дулат Ағаділдің Нұр-Сұлтанда ұсталғаны туралы ресми хабарлама таратты. Онда белсендінің әкімшілік жауапқа тартылатыны жазылған.

"Қамау орнынан өз еркімен кетіп, сот шешімін орындамағаны үшін құқық бұзушы Әкімшілік кодекстің 669-бабына сәйкес әкімшілік жауапқа тартылады, бұл бап бойынша бес айлық есептік көрсеткіш (12 625 теңге - ред.) көлемінде айыппұл немесе бес күнге дейін қамау жазасы қарастырылған" делінген полиция хабарламасында.

Полиция бұған қоса, "немқұрайлық танытқан" Целиноград аудандық полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік зерттеу жүргізіліп, кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын айтты.

13 қарашада "изолятордан қашты" делінген астаналық белсенді Дулат Ағаділдіні полиция 15 қарашада таңертең Нұр-Сұлтандағы бас прокуратура ғимаратының алдынан ұстап әкеткен болатын. Жақтастарымен сөйлесіп үлгерген Ағаділ сол жерде "заңсыздық пен қудалау қашуға мәжбүр етті" деп айтқан.

Оқи отырыңыз: "Жазықсыз қудалау мен заңсыздық қашуға мәжбүр қылды"

42 жастағы Дулат Ағаділ азаматтық құқықтар мен саяси бостандықтардың сақталуын талап етіп жүрген белсенді ретінде танымал. Ол билікке наразылық акцияларына қатысқаны үшін бұған дейін бірнеше рет әкімшілік қамауда болған. Соңғы рет қарашаның 4-і күні Ақмол кентінде "сотқа апармақ болған полицияның заңды талабына бағынбаған" деген айып тағылып, сот шешімімен 10 тәулікке қамалған.

Оған дейін, қазанның 28-і күні Целиноград аудандық соты Дулат Ағаділді "қазанның 17-і күні аудандық полиция бөлімінде билік өкілдерінің талабына мойынсұнбаған" деген айыппен 10 тәулікке қамауға шешім шығарған.

Ақмола облыстық полиция департаментінің дерегінше, 8 қарашада оны "сотқа құрмет көрсетпегені үшін" тағы бес күнге қамаған. Осылайша алдыңғы жазамен есептегенде оның өтелмей қалған алты күні бар (15 қараша күнгі ақпарат бойынша). "Изолятордан қашып шығуына" байланысты әкімшілік істің қашан қаралатынын полиция хабарламады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG