Accessibility links

"ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталғандарды қолдаған белсендіні әкімшілік сотқа әкелді


"Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысы бар деп айыпталған азаматтарды қолдауға келген топ. Алматы, 15 қараша 2019 жыл.
"Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысы бар деп айыпталған азаматтарды қолдауға келген топ. Алматы, 15 қараша 2019 жыл.

Алматылық белсенді Асхат Жексебаев 16 қарашада таңертең Азаттық тілшісіне хабарласып, өзін әкімшілік жауапқа тарту үшін сотқа әкелгенін айтты. Оның айтуынша, полицейлер оны "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысы бар деп айыпталған бірнеше азаматтың сотында "белсенділік" танытып, "рұқсат етілмеген" пикет өткізгені үшін әкімшілік жауапқа тартпақ.

"Алмалы аудандық сотында жиналып, сол азаматтарды (Оксана Шевчук, Жазира Демеуова, Гүлзипа Жәукерова және Әнуар Әшіралиевті) қолдап, плакатпен тұрғанымыз үшін жазаламақшы" деді Асхат Жексебаев.

Оның айтуынша, 15 қарашада кешкі сағат 20.00 шамасында полицейлер үйіне келіп, Алмалы аудандық полиция бөлімшесіне алып кеткен. Сол жерде түні бойы ұстаған. Таңертеңгі сағат 11 шамасында Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына әкелген.

Әлеуметтік желіде полицейлердің белсендіні алып кеткен сәтін көрсететін видео да бар.

Қазір белсендінің телефоны өшірулі. Қоғамдық белсенді Маржан Аспандиярова түскі сағат 12.00 шамасында Азаттық тілшісіне Жексебаевқа адвокат іздеп жатқанын айтты.

Азаттық тілшісі Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына хабарласқанмен жауап ала алмады.

"Саяси тұтқындарды" қолдау акцияларына қатысып жүрген Асхат Жексебаев қазан айының соңы - қараша айының басында он күнге қамалып шыққан. 9 қараша күні Oyan, Qazaqstan митингісі алдында полицейлердің оны ұстап, кейінірек босатқаны туралы да ақпарат тараған.

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысы бар деп айыпталған Оксана Шевчук, Жазира Демеуова, Гүлзипа Жәукерова және Әнуар Әшіралиевтің соты қараша айының басында басталған. Тамызда қазақстандық құқық қорғаушылар оларды “саяси тұтқындар” тізіміне қосқан. Қазақстан билігі елде “саяси тұтқындардың” барын жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG