Accessibility links

Шымкентте жүргізушілер жұмысқа шығудан бас тартты


Шымкенттегі жүргізушілер ереуілі. 20 қараша 2019 жыл.

20 қарашада таңертең Shymkent Bus автопаркінің 50-ге жуық жүргізушісі жұмысқа шығудан бас тартты. Бес бағыт бойынша жүретін автобус жүргізушілері мен кондукторлары жалақыны уақытында беруді және жалақыны өсіруді талап етті. Жұмысшылардың айтуынша, олар қазан айындағы жалақысын алмаған. Бұл ақпаратты оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісі хабарлады.

- 24 сағат осындамыз. Көлік жуу бар, касса өткізу бар. Таңғы сағат төртте тұрамыз. Бір күн жоспар өткізбей көрші, жұмысқа шығармайды. Біздің қадіріміз қайда? Айлығымыз қайда? Біздің бала-шағамыз жоқ па? Оларды қалай асыраймыз? - дейді кондукторлардың бірі.

Видео: "53 мыңға бала-шағамызды қалай асыраймыз?" (20 қараша 2019 жыл).

Шымкенттік автобус жүргізушілердің наразылығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:56 0:00

Жұмысшылардың айтуынша, жұмыс беруші әуел баста 180 мың теңге жалақы беруге уәде берген. Бірақ "қазір 60 мың теңгенің өзін жөнді ала ала алмай отырмыз" дейді.

- 179 сағат жұмыс істедім. 16 ауысым. Оған 59 666 теңге шыққан. Зейнетақыға 5 666 теңге ұстады. Табыс салығын ұстады. Сонда 53 мың теңге таза қолымызға алдық. Оған қалай күн көреміз? - дейді жүргізуші Сәкен Айтуаров.

Наразы жұмысшылардың алдына компанияның бас директоры шығып, "жағдайды түсіндіруге" тырысты. Ол жалақыны кешіктіріп жатқанын растап, компанияның жағдайы күрделі екенін айтты.

- Маршруттардың 70 пайызы өзін-өзі өтемейді. Мұны жұмысшылардың бәрі біледі. Бұлардың айлықтарына жетпейді. Бірақ соған қарамастан кешіктіріп беріп жатырмыз, - деді Shymkent Bus автопаркінің директоры Елікбай Тоқбергенов.

Жұмысшылар ереуілін полиция бақылап тұр. Shymkent Bus автопаркінің жұмысшылары тамыз айында да жалақыны уақытында ала алмағанын айтып, наразылық білдірген.

Shymkent Bus автопаркінде жалпы 480 жұмысшы бар. Компания Шымкент қаласында 12 бағыт бойынша жолаушыларды тасиды.

Shymkent Bus компаниясы биыл 19 маусымда жұмысын бастаған. Компанияны ашқан Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалаға 300 жаңа автобус келгенін хабарлаған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG