Accessibility links

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Мәнізоров ісі" туралы айтты


Бағдат Мәнізоров.
Бағдат Мәнізоров.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Данияр Бекайдаров Алматы облысы әкімінің орынбасары "Бағдат Мәнізоровтың ісін" тоқтатқан бас прокуратураның келтірген дәлелдерін зерттеп жатқанын айтты. Оның айтуынша, "істі тоқтату" туралы шешімді бас прокурордың орынбасары қабылдаған.

"Егер бұл істің жай-жапсарына тоқталсақ, Мәнізоровқа қатысты қылмыстық іс екі азаматтың шағымы негізінде қозғалды. Олар Мәнізоровтың жемқорлық әрекетіне шағымданды. Бас прокуратура шешімінің логикасына сүйенсек, қазір біз бұл лауазымды тұлғаларды Мәнізоровқа қарсы жалған куәлік бергені үшін жауапқа тартуымыз керек. Қазір бас прокуратураның келтірген дәлелдерін зерттеп жатырмыз. Оны қарап болғаннан кейін [шешімге] протест жасау мәселесі қарастырылады" деді ол.

Қазан айының басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтің "Алаяқтық" бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 190-бап, 4-бөлім 2-тармағы) күдікке ілінгенін, тергеу жүріп жатқанын хабарлаған. 28 қазанда Мәнізоровқа тағылған айыптың алынғаны белгілі болды.

Бас прокуратура "қылмыс құрамы жоқ болғандықтан" Мәнізоровтың ісі тоқтатылғанын хабарлады. Кейінірек жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бас прокуратура шешімімен келіспейтінін мәлімдеп, шағым түсірген. Бірақ бас прокуратура шағымды қанағаттандырмады. Өткен аптада жергілікті БАҚ-қа сұхбат берген шенеунік өзіне жала жапқанын айтты.

Ал жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Tengrinews агенттігіне берген сұхбатында ешқандай "тапсырыс" болмағанын жеткізді.

Бұған дейін жергілікті БАҚ интернетте Бағдат Мәнізоровтің "күмәнді әрекеті" жайлы видео тарағанын да жазды. Адвокаты Алмас Демесінов видеоның монтаждалғанын айтып, Мәнізоровтің "жемқорлыққа" еш қатысы жоғын жеткізген.

57 жастағы Бағдат Мәнізоров Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне биыл 10 шілдеде тағайындалған. Одан бұрын Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын екі жыл басқарды. 2008-2017 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі болды. Жергілікті БАҚ-тың болжауынша, оған тағылған айып сәулет-құрылыс бақылау басқармасын басқарған кездегі қызметімен байланысты болуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG