Accessibility links

Ақтөбеде 15 күндік қамаудан шыққан белсенді бірден сотқа жеткізілді


Ақтөбелік белсенді Әлібек Молдиннің 15 күндік қамаудан соң сот залына жеткізілген беті. 22 қараша 2019 жыл, Ақтөбе қалалық сотының ғимараты
Ақтөбелік белсенді Әлібек Молдиннің 15 күндік қамаудан соң сот залына жеткізілген беті. 22 қараша 2019 жыл, Ақтөбе қалалық сотының ғимараты

"Қытай экспансиясына" қарсы митингіге қатысқаны үшін 15 күнге қамалған ақтөбелік белсенді Әлібек Молдин әкімшілік қамаудан шыға салысымен тағы да сотқа тартылды. Соңғы жарты жылда төрт рет әкімшілік қамауға алынған Молдин 22 қараша күні уақытша қамау изоляторынан тура сот залына жеткізілді. Бұл жолы оның үстінен үш қылмыстық іс қозғалып отыр. Үшеуінде де Әлібек Молдиннің үстінен көп балалы аналар шағымданған. Олар Молдин "көп балалы аналарды әлеуметтік желіде тілдеді" деп айыптайды.

Алғашқы сот отырысында Ақтөбе қалалық сотының судьясы Темірбек Алданов белсенді Әлібек Молдиннің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тараптарды тыңдады. Судьяның сөзіне қарағанда, қала тұрғындары Махаббат Сегізбаева мен Гүлмира Бимағанбетова Ақтөбе қалалық сотына жеке шағым түсіріп, Әлібек Молдинді Қылмыстық кодекстің 131-бабы 2-бөлігіне сай ("Қорлау" бабы) қылмыстық жауапқа тартуды сұраған.

Бес баланың анасы Гүлмира Бимағанбетованың айтуынша, бір топ ана 2019 жылы 6 қыркүйек күні облыс әкімдігіне барып, әлеуметтік мәселелерін айтқан.

- Сол кезде біздің жанымызға Әлібек Молдин келіп, телефонына түсіре бастады. Оның Facebook-тағы парақшасынан тікелей эфирден хабар таратқанын кейін білдік. Тікелей эфирде Молдин көп балалы аналарға қарата "мал болып өтесіңдер, халықтың тобыр екенін осыдан білуге болады" деген. Өз басым Молдиннің бізді малға, тобырға теңегеніне қатты ашуландым, - дейді Гүлмира Бимағанбетова сотта.

Екінші шағым беруші Махаббат Сегізбаева да Молдин "менің ана ретінде ар-намысыма тиіп, қадір-қасиетіме нұқсан келтірді" деп санайды.

Әлібек Молдин өзіне тағылған айыпты мойындамады. Белсенді 6 қыркүйекте әкімдік ғимаратына барғанын, Facebook-та тікелей эфир жасағанын растағанмен "аналарды балағаттамағанын" жеткізді. Ол қамаудан шыққан бойда сот залына жеткізілуі мен үш қылмыстық іске тартылуын өзінің азаматтық белсенділігімен байланыстырады.

Бүгін тараптарды тыңдаған судья Темірбек Алданов сот процесінің 27 қараша күні жалғасатынын айтты.

26 қараша күні Ақтөбе қалалық сотының судьясы Саят Тәшімбаев белсенді Молдинге қатысты тағы бір қылмыстық істі қарайды. Ол іс те көп балалы ана Сәнімгүл Сүйінбаеваның шағымы негізінде қозғалған. Шағым түсіруші Сүйінбаева "2019 жылы 6 қыркүйек күні облыс әкімдігі жанындағы митингі кезінде Әлібек Молдин бізді тілдеді" деп сотқа шағынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG