Accessibility links

Ақтөбеде автобусы бұзылып, жолда қалған 55 өзбек азаматын жылыну пунктіне жеткізген


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысындағы трассада автобусы бұзылып, жолда қалған 55 өзбек азаматын жылыну пунктіне эвакуациялаған. Бұл ақпаратты Өзбекстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлік дерегінше, 20 қарашада Ақтөбе облысы Хромтау ауданында Самара - Шымкент бағыты бойынша кетіп бара жатқан автобус жолда бұзылып қалған. Автобуста 57 адам болған. Олардың 55-і - Өзбекстан азаматы.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдай департаменті өзбек азаматтарын жылыну пунктіне жеткізген, олардың ешқайсысы медициналық көмекке мұқтаж болмаған. Ақпарат бойынша, суық ауа райына қарамастан автобусқа жаздық жанар-жағармайдың құйылуы автобустың тоқтауына себеп болған.

22 қарашада "Диапазон" газеті де Самара - Шымкент бағыты бойынша трассада жаяу кетіп бара жатқан екі өзбек азаматының да жылыну пунктіне жеткізілгенін хабарлаған.

2018 жылы қаңтар айында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында Шымкент - Самара жолында жолаушылар автобусы өртенген. Ресми дерек бойынша, автобуста барлығы 57 адам болған, олардың 52-сі қаза болған. Олардың барлығы – Өзбекстан азаматы. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.​ Кейін Ақтөбеде қылмыстық іс қозғалып, бес адам қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG