Accessibility links

Ресейде оқыған ағайынды екі татар студентін Қытайға қайтаруы мүмкін


Ағайынды Шахризат және Шахдияр Шавкат.
Ағайынды Шахризат және Шахдияр Шавкат.

Ресей Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінен келген екі ағайынды татар студент Шахризат және Шахдияр Шавкатты Қытайға қайтаруы мүмкін. Оларды былтыр Қазан федералдық университеті оқудан шығарған. Ағайындылар өздерін Қытайға қайтарса, Шыңжаңдағы "мұсылмандарды қайта тәрбиелеу лагерьлеріне" қамауы мүмкін екенін айтады. Кейбір дерек бойынша, онда олардың ата-анасы қамауда отыр. Бұл ақпаратты "Коммерсант" газеті хабарлады.

Бұған дейін Ресейдің ішкі істер министрлігі ағайынды Шавкатқа уақытша баспана беруден бас тартқан, Қазан соты министрліктің шешімін заңды деп тапқан. Ағайындылар Татарстанның жоғарғы сотына апелляциялық шағым түсірген. Адвокат Руслан Нагиев Адам құқығы жөніндегі Еуропа сотына "жедел түрде" шағымданатынын айтты.

23 жастағы Шахризат және Шахдияр Шавкат осыдан төрт жыл бұрын Дүниежүзілік татар конгресінің бағдарламасы аясында Татарстандағы Қазан федералдық университетіне оқуға түскен. Екі жылдан кейін Шыңжаңда тұратын әке-шешесінен хабар-ошар үзілген. Дәл осы уақытта Қытай батысында аз ұлт өкілдерін оның ішінде, ұйғыр, қазақ, татар, қырғыз және өзге де түркі тілді топ өкілдерін "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" қамап жатқаны туралы ақпарат тарала бастаған еді. Туыстарының сөзіне сүйенген ағайынды жігіттер оларды "мұсылман болғаны" үшін "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" қамап тастады деп санайды.

Олардың адвокаты Зухра Хамроеваның айтуынша, Шахризат пен Шахдияр оқу ақшасын төлей алмағандықтан оқудан шығарылған. Ал университет әкімшілігі олардың академиялық қарызы болғандықтан оқудан шығарылғанын айтқан. Ағайындылардың туыстарының айтуынша, олардың Шыңжаңда оқытушы болып істейтін әкесі мен судья болып істейтін анасы Қытайда "қайта тәрбиелеу лагерьлерінде" қамауда отыр.

Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде Қытайдағы ең ірі мұсылман диаспорасы шоғырланған. 2017 жылы онда сақал қойып, адамның бетін жасыратын діни киім киюге тыйым салды. 2019 жылы Қытай билігі аймақ туралы жаңа кітап шығарды, онда исламның жергілікті тұрғындарға бөтен дін екені айтылған. Кітапта сонымен бірге аймақта террористік топ ошақтары бары айтылған.

Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.

Әлем елдері бұл лагерьлерге байланысты түрлі реакция білдірді. Ресей Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын қолдаған елдер қатарына енді.

АҚШ пен Батыс елдері Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын "аз ұлттардың мәдениеті мен дінін жою амалы" деп атады.

6 қазанда АҚШ "Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарға қысым жасауға атсалысқан" Қытайдың 28 компаниясына санкция салған. Ал Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гэн Шуан АҚШ санкциясын "басқа елдің ішкі ісіне араласу" деп айыптады.

Қытай шетелде жүрген ұйғыр азаматтарын да елге экстрадициялауға күш салып отыр. Бұған дейін Пекин Малайзия мен Египеттен ұйғыр азаматтарын қайтарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG