Accessibility links

Оралда жол апатының орнын түсірген "блогердің ісі" сотқа жетті


Блогер Айболат Бөкенов. 19 қараша 2019 жыл.
Блогер Айболат Бөкенов. 19 қараша 2019 жыл.

Орал соты "полиция талабына бағынбады" деп айыпталған жергілікті блогер Айболат Бөкеновтің үстінен қозғалған әкімшілік істі қарап жатыр. Қарашаның 18-і күні Орал қаласында патрульдік полицияның көлігі бір қызды қағып кетіп, ауыр жарақат алған 21 жастағы тұрғын ауруханаға ессіз күйде жеткізілген. Жол апатынан кейін оқиға орнына барған блогер іс материалы бойынша, "тергеу жүргізуге кедергі келтірген". Бөкенов тағылған айыпты жоққа шығарып, оқиға орнына барған Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығынан комментарий алуға тырысқанын айтқан.

- Мен аймақ полициясы департаментінің бастығы Әбіләзімовтен оған қарайтын департамент қызметкерінің қызды қалай қағып кеткенін түсіндіруін сұрадым. Бірақ полицейлер маған кедергі жасап, түсірмеуді сұрады. Бұдан кейін генерал қолымдағы телефонды тартып алып, қарамағындағы адамдарға телефонымдағы видеоны өшіріп тастауды тапсырды, - деген еді Бөкенов журналистерге 19 қарашада.

28 қарашада өткен сот отырысында куәгерлер: екі полицей және жол апаты болған кезде сол маңнан өткен тұрғын сұралды. Куәгерлер Бөкеновтің полицейлер жұмысына кедергі жасағанын айтты.

- Бөкенов телефонның жарығын қосып алып, бәрін қатарынан түсіре бастады. Біздің қызметкерлерді де түсірді, олардан бастық түсініктеме алған. "Түсірме" деп айтсақ та, Бөкенов түсіре берді. Бұл бізге моральдық, физикалық тұрғыда салмақ түсірді, - деді сотта полиция қызметкері Каленов.

Бөкенов Каленовтен сотқа портативті видеотіркегіштегі жазбаны көрсетуді сұрады. Каленов ол кезде аппараттың батареясы бітіп, көлікте зарядталып жатқанын, сондықтан ондай видео жоқ екенін жеткізді.

- Жаныңызда болған әріптестеріңіздің бірі сондай видеоны көрсете ала ма? - деп сұрады судья Айнұр Қадырова полицейден.

Каленов әріптестерінің ешқайсысында мұндай видео жоқ екенін айтты. Каленовтің сөзіне қарағанда, медициналық сараптама Бөкенов "аздап ішіп алған" деген қорытынды жасағаннан кейін оның үстінен хаттама толтырылған. Оны оқиға орнынан бірден сараптама орталығына жеткізген, одан соң полиция бөлімшесіне апарған.

Оқи отырыңыз: Оралда полиция жолаушыны қағып кетті. Оқиғадан кейінгі жағдай

Полиция көлігі қағып кеткен 21 жастағы Лариса Бейсова ауруханаға ессіз күйде жеткізілген. Ол әлі есін жиған жоқ. Дәрігерлер оның жағдайы сол күйінше ауыр дейді.

"Жол апатына кінәлі" деген күдікке ілінген 26 жастағы полиция қызметкері Ренат Баймукашевтің үстінен Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-тармағы "("Жол-көлік ережелерін бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалған. Полиция тергеу амалдары жүріп жатқанын айтады. Бұған дейін полиция "тәртіптік комиссия шешімімен аға лейтенант Баймұқашев қызметтік тәртіпті қатаң бұзғаны үшін ішкі істер органындағы жұмысынан босатылды" деп хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG