Accessibility links

Вице-министр: Сайлауды өткізуге қатысқан мұғалімдерге ақша төленеді


Көрнекі сурет.

4 желтоқсанда парламенттің төменгі палатасы "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасын мақұлдады. Құжатқа депутаттар енгізген түзетулер жайлы қорытынды есеп әзірлеген депутат Әбдіманап Бектұрғановтың айтуынша, жобаға енгізуге 260-қа жуық ұсыныс түскен. Жұмыс тобы оларды қарастырып, шешім қабылдаған.

Заң жобасына енгізілген негізгі түзетулердің кейбірі:

  • 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, орта білім мекемелеріндегі педагогтардың нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету жөнінде норма бекітілді;
  • Халықаралық олимпиада, түрлі байқау және спорт жарыстарының жеңімпазын әзірлеген мұғалімге үш еңбекақы мөлшерінде сыйақы беру қарастырылған;
  • Ауылды жерде тұратын мұғалімдерге жер телімін алуда басымдық беру;
  • ЖОО-дан басқа білім беру мекемелеріндегі мұғалімдерді әскерге шақыруды кейінге қалдыру көзделген.

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың айтуынша, мұғалімдерді қызметіне қатысы жоқ шараларды атқаруға міндеттегені үшін айыппұл жазасы қарастырылған. Сайлау өткізу шараларына қатысқан мұғалімдер жұмыстан босатылып, оларға сол үшін қосымша қаржы төленеді. Бұл қаржы орталық сайлау комиссиясы бюджетінен бөлінеді. Бірақ сайлауды өткізу шарасына қатысу-қатыспау - әр мұғалімнің өз еркі деді Асылова.

Заң жобасы авторларының айтуынша, жобаның мақсаты - "білім беру заңнамасындағы олқылықтарды жою, оқушы мен мұғалімнің жүктемесін азайту, мұғалімдерді негізсіз тексерулерден қорғау, педагог мәртебесін реттеуді қамтамасыз ететін құқықтық тетіктерді жетілдіру".

Қазақстанда мұғалімдер қызмет міндетінен тыс жұмысқа жегілетінін, директорлар мемлекеттік газеттерге мәжбүрлеп жаздыратынын айтып, жиі шағымданады. 2017 жылы елдегі мұғалімдер Астанадағы ЭКСПО көрмесіне мәжбүрлі түрде билет алғандарын айтқан.

Оқи отырыңыз: Заң жобасынан мұғалімдер үміт күтпейді

Қазақстанды 30 жыл басқарып, биыл наурызда президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев та бұған дейін бірнеше рет "жергілікті биліктің барлық жұмысты мұғалімдер мойнына артып қоятынын" сынаған.​ Бұл мәселені парламент депутаттары да көтерген. Бірақ мұғалімдер әлі күнге дейін еркінен тыс жұмыс істеуге мәжбүр болатынын айтады.

Биыл маусымда үкімет "Педагог мәртебесі, мұғалім мен оқушыға жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қоғам талқысына шығарған.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG