Accessibility links

Мұғалімдер ЭКСПО билетін «еріксіз алып жатқандарын» айтады


Қазақстан аймақтарының бірінде тұрған ЭКСПО баннері. (Сурет Катерина Ландышеваның әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды)

Шығыс Қазақстан облысындағы мектеп мұғалімдері «басшылық биыл Астанада өтетін ЭКСПО көрмесі билеттерін мәжбүрлеп алғызды» дейді. Ал көрме ұйымдастырушыларының сөзінше, бұлай ету – заңсыз.

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы ауылдардың біріндегі мектепте жұмыс істейтін М. есімді қызметкер ЭКСПО билетін алған. Оның сөзінше, ақпанда өзі жұмыс істейтін мектепке көрменің 20 билетін алып келген.

- Электрондық билетті ауданнан жіберді. Мектеп 20 билеттің ақшасын шығарып беру керек. Бір билеттің құнын бірнеше мұғалім шығарып бердік. 6 мың теңгелік билетті үш мұғалім бірігіп алдық. Өзім бармаймын. ЭКСПО кезінде шөп шауатын науқан қызып жатады, - дейді мектеп қызметкері.

«БАРСАҢ ДА АЛАСЫҢ, БАРМАСАҢ ДА АЛАСЫҢ»

Осы аудандағы Гүлбаян (аты өзгертілді) есімді мұғалім де Астанадағы көрмеге «еркінен тыс» билет алған. Ол бір билетке 4 мың теңге жұмсаған. Ұстаз көрмеге өзі бармайды, бірақ билетті Астанада тұратын балаларына беріп жібермек.

Билетті қыста алып келген. Алғымыз келмеген еді, бірақ мектеп басшылығы «барсаң да аласың, бармасаң да аласың» деді.

- Билетті қыста алып келген. Алғымыз келмеген еді, бірақ мектеп басшылығы «барсаң да аласың, бармасаң да аласың» деді. Енді [билет] босқа жатқанша Астанадағы балаларыма салып жіберемін, - дейді ол.

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы жүз балалық орта мектепте сабақ беретін П. есімді мұғалімге де билет ұсынған. Бірақ ол алудан бас тартқан.

- Мектепке ауданнан 16 билет жіберіпті. Бағасы 6 мың теңгеден басталады. Мен бара алмаймын дедім. Қатты қыстаған жоқ. Мұғалімдер билетті бірігіп алып жатыр. Мектеп 16 билеттің бағасын шығарып беру керек екен, - дейді ол.

Мұғалімдер билетті бірігіп алып жатыр. Мектеп 16 билеттің бағасын шығарып беру керек екен.

Осы аудандағы тағы бір ауылда сабақ беретін Армангүл (аты өзгертілді) есімді мұғалім осындай жолмен 6 мың теңгеге алған билетімен Астанадағы ЭКСПО көрмесін көріп қайтпақ.

- Жұмыс күндеріне арналған билет 6 мың теңге, сенбі-жексенбілік билеттер 8 мың теңге екен. Директор ал деді. 6 мыңға бір билет алдым. Енді жазда Астанаға, Бурабайға барып қайтқым келеді, - дейді мұғалім.

«ПАТРИОТПЫН ДЕГЕН АДАМ БАРУ КЕРЕК»

Зайсан аудандық білім басқармасының басшысы Нұрлыбек Қалибаев мектеп мұғалімдеріне ЭКСПО билеті ұсынғанын Азаттыққа растады. Оның айтуынша, мұғалімдерге билет ұсыну - «ЭКСПО көрмесіне насихат».

- Билеттер пошта бөлімшесіне келген. Аудан әкімі «ЭКСПО - елбасының, мемлекеттің саясаты, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіңдер» деп бізге тапсырды, ауыл әкімдеріне, ауыл белсенділеріне тапсырды. Біз үгіт-насихат жүргізіп жатырмыз. ЭКСПО-ға шетелден көп адам келеді. Қазақстанда мұндай шара енді бола ма, болмай ма - білмейміз. Мұғалімдерге «билет бар, көрмеге барғандарың дұрыс» деп айттық. Баратындар барады, бармайтындар өзі біледі, - дейді білім басқармасының басшысы.

EXPO-2017 нысандарының құрылысы. Астана, 31 қазан 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
EXPO-2017 нысандарының құрылысы. Астана, 31 қазан 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Ал Тарбағатай ауданы әкімі аппаратының жетекшісі Ерсін Ескендіровтің сөзінше, «өзін Қазақстанның патриотымын» деп санайтын адам ЭКСПО-ға бару керек.

- Бұл (ЭКСПО билеттерін сату) - аудан әкімінің тікелей тапсырмасы. «Алыңдар, Астананы көріңдер, іссапарға жібереміз, айлықтарың сақталады» деп айтып жатырмыз. Бірақ ешкімді «алыңдар» деп қинап жатқанымыз жоқ. ЭКСПО - ауданның саясаты емес, мемлекеттің саясаты. Билет ары кетсе 6 мың теңге. Патриотпын деген адам бару керек. Мен өзім де баратын едім, - дейді ол.

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Сергей Куянов жыл басынан бері елде көрме билеттерін заңсыз сату бойынша 20 факті тіркелгенін айтады.

Мұғалімдер сатып алған билетті суретке түсіріп, бізге жолдаса болады. Біз бұл әрекетті тексереміз.

- Бізге заңсыз билет сату фактілері бойынша 20-дан астам шағымдар түскен. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы да бар. Оның ішінде мұғалімдерге ғана емес дәрігерлерге де сатқан фактілер кездеседі. Кейін президент әкімшілігі арқылы бұл мәселені шешіп, олай жасауға болмайтын ескерттік. Осы оқиғалардан кейін арнайы жедел желі (WhatsApp номері - +77023326521) аштық. Мұғалімдер сатып алған билетті суретке түсіріп, бізге жолдаса болады. Біз бұл әрекетті тексереміз, - дейді Сергей Куянов.

Астанадағы ЭКСПО көрмесі 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында өтеді. Көрмеге жүздеген ел мен ондаған халықаралық ұйым қатысады, оны 2-3 миллион адам тамашалайды деп болжап отыр.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG