Accessibility links

Конгресс Ресейдің G7 саммитіне қатысуына тыйым салатын резолюция қабылдады


АҚШ президенті Дональд Трамп.
АҚШ президенті Дональд Трамп.

АҚШ конгресінің өкілдер палатасы 3 желтоқсанда Ресейдің "Үлкен жетілікке" (G7) қосылуына тыйым салатын резолюцияны мақұлдады. Резолюцияда "көрші мемлекеттердің территориялық тұтастығын құрметтеп, демократиялық қоғам стандартын ұстанбайынша" Ресейді G7-ке қоспау туралы жазылған. Құжатқа 339 конгресмен қолдап дауыс берген, 71 адам қарсы дауыс берген.

Құжатта Ресей "Украина территориясын жаулап алуды тоқтатып (Қырымды да), әлем демократиясына қауіп төндіруін қойған кезде" "Үлкен жетілікке" қайта орала алады деп жазылған.

Құжат 30 тамызда конгресте таныстырылған. Құжаттың әзірленуіне АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресей президенті Владимир Путинді 2020 жылы өтетін G7 саммитіне шақыруы мүмкін екені жайлы мәлімдемесі себеп болған. Саммит келесі жылы АҚШ-та өтеді.

2014 жылы Мәскеу Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысында үкімет күштері мен ресейшіл сепаратистер арасында қарулы жанжал басталғаннан кейін өзге елдер Ресейді аталған топтан шеттетуді ұйғарған. Батыс елдері Ресейді Украинаның егемендігіне қол сұғып, Қырымды заңсыз өзіне қосып алып халықаралық құқықты бұзды, Донбастағы сепаратистерге қолдау көрсетеді деп айыптайды. Мәскеу бұл айыптарды жоққа шығарады.

"Үлкен жетілік" саммитіне белгілі бір аймақ мәселелер талқылау үшін кейде "жетілікке" кірмейтін мемлекет басшыларын да шақыру тәжірибесі қалыптасқан. Бұған дейін Ақ үй өкілі Мик Малвэни Владимир Путинді АҚШ-та өтетін саммитке шақыру Ресейдің "Үлкен жетілікке" мүшелігін қалпына келтіруіне жол ашуы мүмкін деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG