Accessibility links

Елшілік алдында "Тоқаев сөзі үшін кешірім сұрамақ болған" суретшіге полиция кедергі жасады


Полиция Украинаның Қазақстандағы елшілігі алдында акция өткізген суретші Асхат Ахмедьяровты ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 5 желтоқсан 2019 жыл.
Полиция Украинаның Қазақстандағы елшілігі алдында акция өткізген суретші Асхат Ахмедьяровты ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 5 желтоқсан 2019 жыл.

5 желтоқсанда түстен кейін суретші Асхат Ахмедьяров Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырым жайлы айтқанына байланысты Украина халқынан кешірім сұрау үшін Украинаның Қазақстандағы елшілігі алдына барды. Оның қолындағы плакатта "Ол үшін кешіріңіздер" ("Вибачте за нього") деген жазу және есекке ұқсас жануардың суреті болған.

Алайда елшіліктің күзет полициясы қызметкерлері суретшіге плакатын жаюға да мүмкіндік бермей, акцияны өткізуге кедергі жасады. Олардың бірі суретшінің плакатын тартып алып, бірі суретшіні ұстап, сәлден соң қайта босатты. Бұл ақпаратты оқиға орнында болған Азаттық тілшісі хабарлады.

Елшіліктен екі қызметкер шығып, елшілік маңайында тұрған адамдарға қақпа маңынан әрірек барып тұруға кеңес берген. Аты-жөнін айтпаған екі қызметкер Азаттыққа "әзірге оқиғаға байланысты түсініктеме бермейтінін" айтты. Ал полиция сол күйі суретшіге плакатын қайтарып бермеді. Бұдан кейін суретші Асхат Ахмедьяров көлігіне мініп, кетіп қалды. Полиция түсініктеме бермеді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Deutsche Welle басылымына берген сұхбатында "Қырымда болған жағдайды аннексия деп атамаймыз. Аннексия - тым ауыр сөз" деп айтқан. Украинаның сыртқы істер министрлігі Тоқаевтың бұл сөзін сынап, Қазақстанға демарш жолдайтынын мәлімдеді. Украинаның кейбір тұрғындары Қазақстан президентін "Украинаның территориялық тұтастығын құрметтемей, достық жайлы келісімді және халықаралық-құқықтық нормаларды бұзды" деп айыптаған. Ал Ресейдің мемлекеттік думасының депутаты Тоқаевтың "батыл ұстанымын" құптаған. Бұл мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланды.

Оқи отырыңыз: "Аннексиядан айналып өтпейсің бе, Қасеке?" Тоқаевтың сұхбатына әлеуметтік желі реакциясы

2014 жылы көктемде Ресей Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алған еді. Наурыздың 16-сында Ресей Қырымда "референдум" өткізіп, түбекті өз аумағына қосқан. Халықаралық құқық нормаларына сай келмеген бұл шешімді Украина да, әлемдік қауымдастықтың басым бөлігі де құптамай, айыптаған.​

Қазақстан ресми түрде Қырымды Ресей аумағының бөлігі деп таныған жоқ, бірақ бұл мәселе халықаралық деңгейде талқыланғанда көбіне Ресейді қолдап шықты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG