Accessibility links

Әзірбайжанда кезектен тыс парламент сайлауы 9 ақпанда өтеді


Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев.
Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев.

5 желтоқсанда Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев Милли Межилисті (парламент) таратып, кезектен тыс сайлау өтетін мерзімді 2020 жылдың 9 ақпанына белгіледі. Әлиевтің жарлығы оның ресми сайтында жарияланды.

Бірнеше күн бұрын Әзірбайжан парламенті елде мерзімінен бұрын сайлау өткізу үшін өзін-өзі тарату ұсынысымен Әлиевке қайырылған. Жетекші «Жаңа Әзірбайжан» партиясы мұны биліктегі «кадрлық өзгерістерді халықтың оң қабылдауымен» түсіндіріп, парламент те «қайта жаңаруы» тиіс деп мәлімдеген.

Елдегі «Демократиялық күштердің ұлттық кеңесі» оппозициялық партиясы кезектен тыс парламент сайлауын өткізуге қарсы шыққан. Оппозициялық күштер бұл қадам Әлиев отбасының билігін нығайту үшін жасалған деп санайды.

2019 жылдың қазан айында Әзірбайжанның премьер-министрі Новруз Мамедов отставкаға кетіп, орнына Али Асадов тағайындалған. Асадов бұған дейін Илхам Әлиевтің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі қызметін атқарған. Билік үкімет басшысының «реформа» аясында ауысқанын мәлімдеген. Кейін Президент әкімшілігінде де ауыс-түйістер болған. Кейбір бөлімдер жабылып, қалғандарында қысқартулар жүріп, жетекшілері ауысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG