Accessibility links

Орал тұрғындарының бір бөлігі жаңа көпір жобасына қарсы болды


Көпір құрылысы жобасының жаңартылған нұсқасына байланысты пікірін айтып жатқан тұрғындар. 6 желтоқсан 2019 жыл.
Көпір құрылысы жобасының жаңартылған нұсқасына байланысты пікірін айтып жатқан тұрғындар. 6 желтоқсан 2019 жыл.

6 желтоқсанда Оралда Шаған өзені арқылы өтетін көпір құрылысының жаңартылған нұсқасы таныстырылды. Жергілікті тұрғындар алдыңғы жоба сияқты оны да қолдамады.

​"Алматыдорпроект" жобалау фирмасының өкілі Захар Полушко жұма күні өткен жиналыста бұл жолы бұрынғыдай 1500-ге жуық емес - 600 ағашты кесу жоспарланып отырғанын айтты.

- Ережеге сәйкес, кесілген ағаштың орнына үш мың ағаш отырғызылады. Тұрғындардың өтініші бойынша, қала орталығында Молдағұлова көшесіндегі 20 саяжай мен төрт тұрғын үй бұзылмайды. Бұған қоса, тұрғындардың өтінішін ескеріп, трассадағы жылдамдықты сағатына 80 шақырымнан 60-қа дейін азайттық, - деді Полушко.

Бірнеше адам қала орталығын "Ақжайық" жаңа шағын ауданымен қосатын көпір құрылысы жобасы бойынша ескі зираттың жанына жол салынатынын айтып, шағымданды. Кейбір тұрғындардың айтуынша, жаңа магистраль дәл үйлерінің жанынан өтпек.

- Жол салынады деп жатқан Сыдықов көшесі - өте тар. Үйден бірнеше қадам аттасаңыз болды, бірден жолға шығасыз. Ал сіздер онсыз да тар екі жолақ жолды кеңейтіп, төрт жолақ етпекшісіздер. Егер жол кеңейсе, демек бұл трасса тура үйдің қасынан өтеді деген сөз. Менің ойымша, жолды басқа көшеге салу керек, - деді Екатерина Құрманалиева.

Жиналғандар арасында жобаны қолдағандар да болды. Олардың айтуынша, егер көпір салынса, негізгі жолдағы көліктер саны азаяды, көлік кептелісі де сирейді. Бұған қоса, қала шетінен орталыққа жету оңайланады.

- Баламды ауруханаға апару үшін ылғи қаланың жартысынан жүріп өтуіме тура келеді, жиі көлік кептелісі болады, айналып жүруге көп уақыт кетеді. Егер мына жол мен көпір салынса, онда ауруханаға жылдамырақ жетеміз және бағдаршамда және көлік кептелісінде ұзақ күтпес едік, - дейді қала тұрғыны Әліби Оразов.

Жергілікті белсенді Асқар Шайғұмаров көпір құрылысы жобасына қарсы петиция мәтінін құрастырды. Оның пікірінше, жобаға бөлінген қаражатты маңыздырақ мәселелерді шешуге жұмсауға болады.

- Қалада балабақша жетіспейді, мектептерде орын жоқ, балалар үш ауысымда оқып жатыр, жол жоқ, инфрақұрылым дамымаған. Менің ойымша, көпір құрылысы үшін бөлінген 11 миллиард теңгені маңыздырақ жобаларға жұмсауға болады, - деді Асқар Шайғұмаров.

Бір жарым сағат бойы тұрғындар және билік өкілдері көпір жобасына байланысты пікірлерін айтты. Облыс әкімінің орынбасары Бекжан Түкжанов барлық сұрақтар мен ұсыныстар қаланың қоғамдық кеңесіне жеткізілетінін айтты. Оның айтуынша, түпкілікті шешімді солар қабылдайды.

Ақпарат бойынша, көпір құрылысына қаржыны Батыс Қазақстан облысында әлемдегі ең ірі кеніштердің бірі саналатын Қарашығанақ кенішін игеріп жатқан "Карашығанақ Петролеум оперейтинг" концорциумы бөледі. Өнімді бөлісу туралы келісімге сәйкес, концорциум аймақтың әлеуметтік дамуы үшін жыл сайын 20 миллиард теңге қаражат бөледі. Концорциумға Royal Dutch Shell, Eni, "Шеврон", "Лукойл" және "ҚазМұнайГаз" мүше.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG