Accessibility links

Минскіде Ресеймен бірігуге қарсылық танытты


Минскідегі наразылық. 7 желтоқсан 2019 жыл.
Минскідегі наразылық. 7 желтоқсан 2019 жыл.

Беларусь астанасы Минскіде тұрғындар Ресеймен бірігуге қарсылық танытты. Рұқсат етілмеген акциядан Азаттықтың Беларусь қызметі хабар таратып жатыр.

Tut.by сайтының жазуынша, сенбі күні жүздеген адам қала ортасындағы Тәуелсіздік даңғылы және Октябрь алаңы бойына жиналып, қаз-қатар тізіліп тұрған. Акцияға қатысқан кейбір азаматтардың қолында ақ-қызыл түсті жалау болған. Бұл жалау 1995 жылға дейін Беларусьтың мемлекеттік туы болған. Қазір оны ұлтшылдар символ ретінде пайдаланады.

Милиция акцияның рұқсат етілмеген шара екенін ескерткенмен ешкімді ұстамаған.

7 желтоқсанда Минскіде президент Александр Лукашенко Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі. Олар одақ құру жайлы келісімге қол қойылғанына 20 жыл толу күні қарсаңында интеграцияны нығайту мәселесін талқылайды.

5 желтоқсанда беларусь парламентінде сөйлеген президент Александр Лукашенко Беларусь Ресей құрамына кірмейді деп мәлімдеген.

Шілде айында екі мемлекет басшысы 1999 жылы қол қойылған, тек қағаз жүзінде ғана бар одақ жайлы келісім аясында әріптестікті дамыту мәселесін талқылаған.

2014 жылы Ресей Қырым түбегін аннексиялап алған соң көршілес елдер Мәскеудің әрекетінен қауіптене бастаған. Кейбір сарапшылардың пікірінше, бес жыл бұрынғы Украина дағдарысы Лукашенконы да сескендіріп, Беларусь үкіметін Ресейге тәуелділікті азайтуға итермелеген.

Минск Ресейдің арзан мұнайы мен совет кезінен қалған ескі экономикасын нығайтуға бағытталған жыл сайын беретін бес миллиард көлеміндегі субсидиясына тәуелді. Екі мемлекет 1999 жылы одақтас мемлекет құру туралы келісім жасасты, Кеден одағы аясында өзара шекара ашық.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG