Accessibility links

Feminita белсенділері Алматыда рұқсат етілген акция өткізді


Feminita белсенділерінің акциясы. Алматы, 8 желтоқсан 2019 жыл.
Feminita белсенділерінің акциясы. Алматы, 8 желтоқсан 2019 жыл.

8 желтоқсанда Алматыдағы “Сарыарқа” кинотеатрының артында Feminita феминистер ұйымы рұқсат етілген акция өткізді. Бұл туралы vlast.kz сайты хабарлады. Бұдан бөлек, Feminita ұйымы Facebook парақшасында шара өткені туралы пост жариялады.

Акцияға келген төрт белсенді “Алматы әкімдігі Сарыарқаның артында 11.00-13.00 арасында әйелдердің қоғамдағы құқығы мен мүмкіндіктерін, саяси және азаматтық ұстанымдарын күшейтуді талап ететін акция өткізуге рұқсат берді” деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.

Шараны ұйымдастырушылардың бірі Лейла Махмудованың сөзінше, Алматы әкімдігі бұл шараны өткізуге тоғыз айдан кейін рұқсат берген.

"Биыл 13 ақпанда әкімдікке арыз жазып, 8 наурызда осы шараны өткізуге рұқсат сұраған едік. Әкімдік тоғыз ай бойы рұқсат бермей келді. Тек тоғыз айдан соң осы акцияны өткізуге рұқсат берді. Бұл шара арқылы әйелдердің және ЛГБ өкілдерінің де құқығы барын көрсеткіміз келді" деді ол vlast.kz сайтына.

Алматы әкімдігі белсенді әйелдердің қауіпсіздігі үшін бұған дейін оларға акция өткізуге рұқсат бере алмағанын айтқан.

Биыл 28 қыркүйекте Алматыда "Сарыарқа" кинотеатрының артында KazFem феминистер қозғалысы рұқсат етілген митинг өткізген. Акция кезінде белсенділер "патриархат нормалары үстемдік еткен" қоғамда әйелдердің құқықтары жиі тапталатынын, тұрмыстық әлімжеттікке ұшырағандардың арыздары мұқият қаралмайтынын, әйелдерге психологиялық-құқықтық көмек көрсететін дағдарыс орталықтарының аздығын және өзге мәселелерді қозғаған.

Қозғалыс мүшелері әкімдікке 36 рет өтініш жазып, әрең рұқсат алғандарын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG