Accessibility links

Мұнайшылар Жаңаөзен құрбандарына құран бағыштап, ас берді


Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккендер мен қаза болғандардың жақындағы мешіт алдында тұр. Жаңаөзен, 8 желтоқсан 2019 жыл.
Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккендер мен қаза болғандардың жақындағы мешіт алдында тұр. Жаңаөзен, 8 желтоқсан 2019 жыл.

8 желтоқсанда Жаңаөзенде Әбіш Қожа мешітінде “Өзенмұнайгаз” компаниясына қарайтын “Бұрғылау жұмыстары басқарамасының” мұнайшылары 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тапқандардың рухына бағыштап құран оқып, ас берді. Асқа Жаңаөзен оқиғасында қаза тапқандардың, зардап шеккендердің жақындары, Жаңаөзендегі ереуілге қатысқандар келді.

- Қайтыс болған азаматтардың отбасына көңіл айтамыз. Басымыздан небір қиындық өтті. Біз ас беруді ұйымдастырмақ болғанда небір қиындықтарға тап келдік. "Ана жерде жаса, мына жерде жасама, мына күн келе жатыр, сол күнге жасама" дегендіктен міне 8 желтоқсанға тап келіп тұрмыз. Біз 16 желтоқсанда ас бергіміз келеді. Біз ашылғымыз келеді. Қазақстанда, тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Неге тығыламыз? Біз бір елге қарсы шыққан жоқпыз, сол кезде бар азамат жақсы өмір сүрейік деп шындығымызды айтқымыз келген, - деді асты ұйымдастырушылардың бірі, "Жаңаөзендегі тәртіпсіздікке қатысты" деген айыппен сотталып шыққан Шабдол Өткелов.

Бірақ мешіттің бас имамы Құрманбек Әбдалиев оны ары қарай сөйлетпеді.

- Мына жерді саясиландырып, бізге сөз келтірмеңіздер, - деді ол.

Жаңаөзен оқиғасының куәгері Шолпан Өтекееваның сөзінше, мұнайшылар ас беруден түскен қаржыны Жаңаөзен оқиғасының құрбандарының жақындарына бөліп берді.

Жаңаөзендегі мұнайшылар жыл сайын желтоқсанда 2011 жылғы ереуілдің құрбандарын еске алып, ас береді. "Өзенмұнайгаз" мұнайшылары Жаңаөзен оқиғасының құрбандарын еске алу асын дәстүрге айналдырмақ.

2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек мәселесіне қатысты талап қойып, орталық алаңда бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп тұрған мұнайшыларға полиция оқ атқан болатын. Жаңаөзендіктерге Шетпе станциясы тұрғындары да қолдау білдіріп, поезд жолын жауып, оқ атуды тоқтатуды талап еткен еді. Ресми дерек бойынша, ереуілді күшпен тарату кезінде 17 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Мұнайшылар жиынына мүлдем қатысы жоқ бірнеше жергілікті тұрғын да полиция қолынан оққа ұшқан.

Оқи отырыңыз: Жаңаөзен оқиғасы жайлы барлық ақпарат

Ереуілшілерге заңсыз оқ атқаны үшін полицияның бес офицеріне бес жылдан жеті жылға дейін түрме жазасы кесілген. Ал ереуілге қатысты қылмыстық кодекстің "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" айыбы тағылған 37 адамның 13-і үш пен жеті жыл аралығындағы түрлі мерзімдерге сотталған. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG