Accessibility links

Белсенділер "адам құқығы мәселесін қозғағаны үшін" Меркельге алғыс хат жолдады


Белсенділер Германияның Қазақстандағы елшілігі алдында тұр. Нұр-Сұлтан, 10 желтоқсан 2019 жыл.
Белсенділер Германияның Қазақстандағы елшілігі алдында тұр. Нұр-Сұлтан, 10 желтоқсан 2019 жыл.

10 желтоқсанда түстен кейін бірнеше белсенді Нұр-Сұлтандағы Космонавтар көшесі бойындағы Германия елшілігіне барып, канцлер Ангела Меркельдің атына жазылған алғыс хатты тапсырды. Белсенділердің айтуынша, желтоқсан айының басында Берлинде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу кезінде Ангела Меркель адам құқығы мәселесін де қозғаған. Белсенділер елшілікке сол ризашылық хатты тапсыруға келген.

Жуырда Қазақстан мен Германияның құны екі миллиард долларлық келісімге қол қойғанын айтқан белсенділер хатта "осы келісім аясында Қазақстандағы адам құқығы мәселесіне де мониторинг жасалынғанын, түрмеде отырған 56 саяси тұтқынды босату мәселесіне назар аударуларыңызды сұраймыз" деп жазған.

Басында елшілік ғимаратын күзеткен қызметкерлер хатты қабылдауға қарсы болды. Бірақ кейінірек елшіліктен жанында аудармашысы бар қызметкер шығып, хатты қабылдады. Олар белсенділерге хат үшін алғыс айтты. Бұдан соң белсенділер үйлеріне тарасты.

5 желтоқсанда Германияға ресми сапармен барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі Франк-Вальтер Штайнмайермен және Германия канцлері Ангела Меркельмен кездескен. Германия үкіметінің сайтындағы ақпарат бойынша, Тоқаевпен кездесуде сауда-саттық, экономикалық қарым-қатынасты нығайту мәселелерімен қатар Қазақстандағы адам құқығы ахуалы да талқыланған.

"Қазақстан ішіндегі жағдай да екіжақты келіссөздің күн тәртібінде болды. Екі мемлекет басшылары Қазақстандағы шерулер мен адам құқығы мәселесін ашық талқылады" делінген сайтта.

Тоқаевтың Германияға сапары қарсаңында құқық қорғаушылар президентке адам құқығы саласы бойынша берген уәделерін еске түсірді. Қараша айында халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы "президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген уәделері сөз жүзінде қалды"​ деп сынаған.

Меркельге "алғыс айтқан" белсенділер 10 желтоқсанда түске дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы полиция департаментіне барып, 9 желтоқсанда ұсталып, кейінірек қамалған бірнеше адамның ұсталуының мән-жайын түсіндіруді талап еткен. Олар 16 желтоқсан қарсаңында "қадаламау" туралы өтініш жазғанына қарамастан полицияның ол өтініштеріне нақты жауап бермегеніне шағымданған. Полиция белсенділерді мәселені ішке кіріп, жеке-жеке талқылауға сұраған. Бірақ белсенділер келіспеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG