Accessibility links

Оралда жаңа көпір құрылысы бойынша тыңдауды жарамсыз деп тануды сұрады


Қала әкіміне мәлімдеме тапсыруға келген белсенді Асқар Шайғұмаров. 10 желтоқсан 2019 жыл.

10 желтоқсанда Оралда бір топ тұрғын қала әкімі Абат Шыныбековтің атына жазылған мәлімдемені әкімдікке тапсырды. Мәлімдеме авторлары Шаған өзеніне салынатын жаңа көпір жобасы бойынша қоғамдың тыңдауда заңбұзушылықтар болғанын айтып, қайта тыңдау өткізуді сұраған.

Тұрғындардың айтуынша, ұйымдастырушылар қатысушыларды тіркемеген, жиналғандарға күн тәртібіндегі тұжырымдарды ұсынбаған, тыңдау кезінде төраға мен хатшы сайланбаған. Ұйымдастырушылар сонымен бірге отырысты электронды құрылғыға жазбаған. Тұрғындар ережеге сәйкес қоғамдық тыңдау өткізуді талап етеді.

- Біз қоғамдық тыңдауды өткізу ережесінің үш пунктісі бойынша заң бұзылғанын аықтадық. Барлық заңбұзушылықтар мәлімдемеде көрсетілген, бүгін оны Орал қаласының әкімі Шыныбековке тапсырамыз, - деді белсенді Асқар Шайғұмаров.

7 желтоқсанда Оралда Шаған өзені арқылы өтетін көпір құрылысының жаңартылған нұсқасы таныстырылып, қоғамдық тыңдау өткен еді. Жергілікті тұрғындар алдыңғы жоба сияқты оны да қолдамаған. Кейбір тұрғындар қала орталығын "Ақжайық" жаңа шағын ауданымен қосатын көпір құрылысы жобасы бойынша ескі зираттың жанына жол салынатынын айтып, шағымданған. Кейбір тұрғындар жаңа магистральдың дәл үйлерінің жанынан өтетінін айтып, жүздеген ағаштың кесілуіне де қарсы болған. Көпір құрылысы жобасына қарсы тұрғындар құрылысқа тыйым салу туралы петиция құрастырған. Бірақ бірнеше күннен кейін петиция жабылып қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG