Accessibility links

Нұр-Сұлтан соты тағы алты адамды әкімшілік жазаға тартты


Еуроодақ өкілдігі алдында акция ұйымдастырған белсенділер. Нұр-Сұлтан, 27 қараша 2019 жыл.
Еуроодақ өкілдігі алдында акция ұйымдастырған белсенділер. Нұр-Сұлтан, 27 қараша 2019 жыл.

Белсенді Айнұр Мырзалиеваның Азаттыққа хабарлауынша, 10 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда Зүбайда Сейдахметова, Фариза Беспаева, Нұрсұлтан Тастаев - 10 тәулікке, Болатхан Хамитұлы 15 тәулікке қамалған. Олардың бәрі 26-27 қарашада Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігі алдында өткен акция үшін әкімшілік жазаға тартылған. Қараша айының соңында Нұр-Сұлтанда Еуроодақ өкілдігі алдында ондаған белсенді акция өткізіп, Қазақстанда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары өрескел бұзылатынын айтып, шағымданған. Олар Еуропа Одағын Қазақстанды адам құқығын сақтауға міндеттеуге шақырған.

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының баспасөз қызметі төрт адамның қамалғанын растады. Соттың баспасөз хатшысы Ботагөз Баянованың айтуынша, қамалғандардың барлығы Әкімшілік кодекстің 488-бабы 3-тармағы бойынша бейбіт жиын өткізу туралы заңнаманы қайталап бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылған. Бұған қоса, астаналық белсенділер Ақмарал Керімбаева мен Қапар Ахаттың да 10 тәулікке қамалғаны белгілі болды. Оларға да дәл сондай айып тағылған.

7-10 желтоқсан аралығында Нұр-Сұлтанда белсенділер қалалық полиция департаменті ғимаратына жиналып, Тәуелсіздік күні қарсаңында және сол күн аталып өтетін уақытта өздерін қудамалауды талап еткен еді.

Оқи отырыңыз: Белсенділер Желтоқсан және Жаңаөзен құрбандарын еске алуға мүмкіндік беруді талап етті

Ал Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің басшысы Бақытжан Малыбаев "16 желтоқсан әлі басталған жоқ, олардың гүл қоюына ешкім қарсы емес" деген еді.

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты бұған дейін де астаналық белсенділер Гүлмира Халықова, Ғалия Тамабаеваны - 10 тәулікке, Марат Мұсабаевты 15 тәулікке қамаған. Оларға "бейбіт жиын өткізу ережесін бұзу" бабы (Әкімшілік кодекстің 488-бап, 1-бөлім) бойынша айып тағылған. 10 желтоқсанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты үш белсендіні "бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды" деп айыпталған белсенділер Асхат Жексебаевты - 15 тәулікке, Ноян Рақымжановты 13 тәулікке қамаған. Qaharman адам құқығын қорғау қозғалысының мәліметінше, Тәуелсіздік күні қарсаңында дәл осындай қамаулар мен қудалаулар Қазақстанның өзге қалаларында Алматы, Ақтау, Ақтөбе мен Оралда да жалғасып жатыр.

Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды азаматтардың бейбіт митингіге шығуына кедергі келтірмей, заңды өзгертуге шақырған. Қазақстан президенті қызметіне кіріскелі бері Қасым-Жомарт Тоқаев елде бейбіт митингіге шығу заңы өзгеретіні жайлы бірнеше рет мәлімдеген. Алайда заңға ондай өзгертулер әлі енгізілген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG