Accessibility links

Сот "ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталғандардың апелляциялық шағымын қарай бастады


Солдан оңға қарай: Гүлзипа Жәукерова, Оксана Шевчук, Әнуар Әшіралиев және Жазира Демеуова. Алматы қалалық соты. 12 желтоқсан 2019 жыл.
Солдан оңға қарай: Гүлзипа Жәукерова, Оксана Шевчук, Әнуар Әшіралиев және Жазира Демеуова. Алматы қалалық соты. 12 желтоқсан 2019 жыл.

12 желтоқсанда Алматы қалалық соты тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар деп айыпталған қала тұрғындары Оксана Шевчук, Гүлзипа Жәукерова, Әнуар Әшіралиев және Жазира Демеуованың апелляциялық шағымын қарай бастады. Істі судья Людмила Бектемірова жүргізіп жатыр.

19 қарашада Алмалы аудандық соты бұл төрт адамның бас бостандығын бір жылға шектеген. Бұған қоса, сот Жәукерова, Әшірәлиев және Демеуованы бір жыл ішінде 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеген. Судья Құралай Дарханова Шевчуктің кішкене баласы барын ескеріп, оны 100 сағаттық жұмыстан босатқан. Сот үкімінде айып тағылған төрт азаматтың Қылмыстық кодекстің 405-бабы, 2-тармағында қарастырылған қылмысқа барғаны толық дәлелденгені айтылған.

Бұған дейін қорғау тарабы үкімді апелляцияға берген еді. Олар апелляциялық соттан бірінші инстанцияда шыққан сот үкімінің күшін жойып, "қылмыстық құрамы жоқ болғандықтан" істі толық тоқтатуды сұрайды. 12 желтоқсанда адвокат Гүлнара Жуаспаева үшінші топ мүгедегі Әшіралиевті "қоғамдық іспен айналысуға міндеттеу мүлдем ақылға қонбайды, себебі ол қолына сыпырғыш та ұстай алмайды" деді.

Ал прокурор Құрақбаев "үкімді өзгертуге негіз жоқ, айыпталушылардың қылмысына куәгерлер мен видео-фото дәлел бар" деді. Тараптардың пікірін тыңдаған судья сағат 11 шамасында кеңесу бөлмесіне кетті.

Сотта ісі қаралып жатқан 30 жастағы Оксана Шевчук, 51 жастағы Гүлзипа Жаукерова мен 36 жастағы Әнуар Әшіралиев шілде мен қараша айлары аралығында қамауда отырды. Жазира Демеуова қыркүйек айында үйқамаққа шығарылған. Төртеуі де өздеріне тағылған айыппен келіспейді.

Тамыз айында қазақстандық құқық қорғаушылар Жазира Демеуова, Гүлзипа Жаукерова, Әнуар Әшіралиев пен Оксана Шевчукті саяси тұтқындар тізіміне енгізген. Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады.

Оқи отырыңыз: Бостандығын шектеу және 100 сағат қоғамдық жұмыс: ҚДТ қызметіне "қатысы бар" белсенділерді қалай соттады?

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG