Accessibility links

Жаңаөзен белсендісі Елшібаевтың туыстары оны қайда этаппен жөнелткенін біле алмай отыр


Жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев.

"Денсаулыққа қасақана зиян келтірді" деп айыпталып, бес жылға сотталған Жаңаөзен белсендісі Ержан Елшібаевтың туыстары оны қай жаққа этаппен жөнелткенін біле алмай отыр. Ақтаудағы ГМ-172/10 мекемесінде қамауда болған Елшібаевты 12 желтоқсанда этаппен басқа аймаққа жіберген.

Оның жұбайы Динара Хайруллинаның Азаттыққа хабарлауынша, 11 желтоқсан күні түрмедегі таксофоннан қоңырау шалған Елшібаев 13 желтоқсанда өзін басқа мекемеге жөнелтпекші екенін, екі апталық карантинге түсіп қалса кездесу мүмкін болмай қалатынын айтып, тез арада келуін сұраған.

- Екі баламды ертіп, енеммен бірге Ақтауға келдік. Бізге кездесу қағаздарының бәріне қол қойып, жарты сағат күтіңдер деді. Біз көп күттік. Содан соң біреу шығып "бастық қабылдамайтын болды, оны әкетіп барады, кете беріңдер" деді, - дейді Динара Хайруллина.

Оның сөзінше, құзырлы орган Ержан Елшібаевтың қайда жөнелтілгені туралы ақпаратты айтудан бас тартқан. Күйеуінің өмірі үшін алаңдап отырғанын айтқан Динара Хайруллина Маңғыстау облыстық қылмыстық істер атқару жүйесі департаментінің бастығы тек "Шымкентке кетті" деп қысқа қайырып, өзге ақпарат бермеді дейді.

Азаттық тілшісі құзырлы орындарға хабарласқан еді. Маңғыстау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы аға лейтенант Роман Теленьков жазбаша сауал жолдауды айтты, ал республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз хатшысы Ақерке Жаубасарова Елшібаевтың этаппен жөнелтілгенін растады.

- Иә, аталған тұтқын этаппен жөнелтілді, бірақ қай жаққа екенін айта алмаймын, ол тек сол адамға қатысты мәлімет, - деді ол.

Ақерке Жаубасарова тұтқынның қауіпсіздігі мен денсаулығы туралы сауалға да жауап беруден бас тартты.

17 қарашада Жаңаөзен қалалық соты Ержан Елшібаевты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" (106-бап, 2-бөлім) бабы бойынша кінәлі деп тауып, бес жылға соттаған.

25 қарашада оқиғаға қатысы бар адамдар талаптары жоқ екенін айтса да, апелляциялық сот алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырған еді. Тергеу орындарының мәліметінше, 2017 жылы Елшібаев Жаңаөзенде біреулермен төбелесіп, бір адамды жарақаттаған. Бұған дейін бақылаушылар мен адвокаттар екі жыл бұрынғы төбелеске қатысқандардың Елшібаевқа арызы жоғын айтқан.

Белсенділер мен Елшібаевтың әйелі Динара Хайруллина бұл істің саяси астары бар деп санайды. Тамызда құқық қорғаушылар Елшібаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

31 жастағы Ержан Елшібаев биыл ақпан-наурыз айларында Жаңаөзенде өткен жұмыссыздық мәселесіне қатысты наразылық шарасында көзге түскен. Наразылық кезінде жаңаөзендіктер биліктен жалақысы жақсы жұмыс талап еткен болатын.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Коронавирус деген не? Бүлдіршіндерге түсіндіреміз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:41 0:00
XS
SM
MD
LG