Ақмола облысының Зеренді аудандық сотында құқық қорғаушы Валерий Карпусевичке Әкімшілік кодекстің "Ұсақ бұзақылық жасау" бабы бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Сот оны тағы да психиатрия орталығына тексеруге жіберді.
52 жастағы құқық қорғаушының Азаттыққа мәлімдеуінше, ол 1 желтоқсаннан бері Зеренді ауданы тұрғындарының шақыруы бойынша сот процестеріне қатысып, олардың құқығын қорғаумен айналыса бастаған.
- Ақмола облыстық сотында латифундистерге қатысты даулы процесс өтіп жатыр. Процесс барысында кейбір ауыл тұрғындары мені шақырып жағдайларымен танысуды сұрады. Мен барған ауылдағы мектептің жағдайы, жалақы, тұрмысы тіпті аянышты болды. Мен соны тексеріп, видеоға түсірдім, сол үшін мені жауапқа тартты, - деді ол.
Ақмола аудандық сотының баспасөз хатшысы Күләш Домалақованың айтуынша, Валерий Карпусевичке қатысты сот 12 желтоқсанда басталған.
- Іс материалдарында прокурор Карпуcевичтің бұрын психоневрологиялық тіркеуде тұрғандығын байқап қалып, психиатриялық сараптама тағайындауды сұраған. Сот психиатриялық сараптаманы өткізу туралы ұйғарым шығарған, - деп түсіндірді ол.
Валерий Карпусевичтің өзі мұндай сараптамаларға үйреніп кеткенін, бұл жолғы сараптаманың 18 желтоқсанға белгіленгенін айтады.
- Мен психоневрологиялық орталықта шизофрения немесе басқа психикалық ауытқулармен емес, эпилепсиямен ауыратындықтан есепте тұратыным рас. Мұндай әдісті құзырлы орындар менің белсенділігіме тұсау салу үшін маған үнемі қолданады. Мен өзімнің сенімді өкілімнің де ол талдауға қатысуын талап етіп отырмын, - деді.
2013 жылы да белсенді Шымкентте азаматтардың құқын қорғаумен айналысып жүрген белсендіні полиция ұстап, сот психиатриялық сараптамасын жасатқан еді. Карпусевич 2012 жылдан бері наразылық акцияларына қатысып келеді.
Құқық қорғаушылар Қазақстандағы құқық қорғау органдары белсенділерді жазалауда «жүйке ауруы бар» деген желеуді қолданып, диагнозды қолдан жасауға тырысатынын айтады. Осыған дейін қарағандылық адвокат Зинаида Мухортова да бірнеше жыл қудаланып, психиатриялық диспансерде мәжбүрлі емдеуден өткен. 2009 жылы адвокат Балқаш қаласының бес тұрғынымен бірге "Нұр Отан" партиясы атынан мәжілісте депутат болған Ерлан Нығматулиннің үстінен шағым жазған. Тұрғындар депутатты "сот ісіне араласады" деп айыптаған. Кейін арыз жазушылар қылмыстық жазаға тартылған.
ПІКІРЛЕР