Биліктен қуылған Судан президені Омар әл-Башир ел астанасы Хартумдағы соттың шешімімен екі жылға сотталды. 75 жастағы экс-президентке “жемқорлық” айыбы тағылған. Бұл туралы 14 желтоқсанда халықаралық ақпарат агенттіктері хабарлады.
Сот Омар әл-Баширді “заңсыз ақша сақтады”, “шетелден ақша алды” және “заңсыз пайда тапты” деп айыптаған. Экс-президент жасына байланысты жазасын түзету орнында өтейді.
Биыл сәуірде Суданда халық наразылыққа шығып, әскерилер әл-Баширді биліктен құлатқан. Елдегі наразылық экономикалық талаптармен басталып, кейін жұрт президенттің отставкаға кетуін талап етті.
Оқи отырыңыз: Омар әл-Башир қалай биліктен қуылып еді?
Қазір Суданда экс-президенттің үстінен тағы екі іс қозғалған. Мамырда оған “наразылыққа шыққандарды өлтіруге қатысы бар” деген айып тағылған. Ал осы аптада әл-Баширді 1989 жылғы әскери төңкерістегі рөлін анықтау үшін тергеуге шақырған. Ол 1989 жылғы төңкерістен кейін билікке келген.
Бұдан бөлек, әл-Баширдің үстінен Халықаралық қылмыстық сотта екі ордер бар. Онда экс-президент Суданның Дарфур аймағындағы әскери қақтығыста халыққа геноцид жасады деген айып тағылған.
ПІКІРЛЕР