Accessibility links

Суданды 30 жыл басқарған президент биліктен кетті


Судандағы наразылық. Хартум, 11 сәуір 2019 жыл.

11 сәуірде Судан қорғаныс министрі мемлекеттік телеарнадан мәлімдеме жасап, ел президенті Омар әл-Баширдің биліктен кеткенін мәлімдеді.

Судан қорғаныс министрі Ахмед Авад ибн Ауф телеарна арқылы 1989 жылы билікке келген Башир режимінің құлағанын жариялап, елді билік транзиті уақытында, яғни екі жыл көлемінде әскерилер басқаратынын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Башир қамауға алынған. Әскерилер елде үш ай төтенше жағдай жариялады. Елдегі барлық әуежай 24 сағатқа жабылды. Ахмед Авад ибн Ауфтың мәлімдеуінше, Башир қол қойған 2005 жылғы Конституция күшін жояды.

Судан астанасы Хартумда мыңдаған адамның қорғаныс министрлігі ғимараты маңында жиналып тұрғанына осымен алтыншы күн болды. Куәгерлер әскерилердің қаладағы ең маңызды нысандарды қоршағанын, оның арасында президент сарайы да бар екенін айтады.

Елді 30 жыл басқарған президент Омар әл-Башир режиміне қарсы наразылық шаралары өткен жылдың желтоқсан айында басталған. Әуел баста наразы тұрғындар азық-түлік бағасын арзандатуды талап еткен. Кейінірек наразылық акциясы саяси сипат алды. Өткен сенбі, 6 сәуірде наразы азаматтар президент отставкасын талап етіп, әскерилерді өздерін қолдауға шақырды.

Судан президенті Омар әл-Башир. Мамыр айы, 2018 жыл.
Судан президенті Омар әл-Башир. Мамыр айы, 2018 жыл.

Қорғаныс министрі мәлімдеме жасардың алдында Солтүстік штатының өндіріс және экономикалық ресурс министрі Дарфур Маджуб Хусейн Al-Hadath телеарнасына "президент әл-Башир отставкаға кеткен соң билікке ие болатын әскери кеңесті құру бойынша жиын өтіп жатқанын" айтқан.

Baj News агенттігіне сілтеме жасаған халықаралық БАҚ елдің қорғаныс министрі жетекшілік ететін Суданның әскери кеңесі билікті қолына алуға дайындалып жатқанын хабарлаған.

Әскери техника жанында тұрған судандық сарбаздар. Хартум, 11 сәуір 2019 жыл.
Әскери техника жанында тұрған судандық сарбаздар. Хартум, 11 сәуір 2019 жыл.

Омар әл-Башир 1989 жылғы әскери төңкерістен кейін билікке келген. Халықаралық сот оны Суданның Дарфур провинциясындағы қантөгіске қатысы бар деп айыптайды. Башир айыпты жоққа шығарады.

2019 жылы қаңтар айында The Times басылымы Хартумдағы наразылықты басуға ресейлік жалдамалылар қатысуы мүмкін екенін жазған. Кейінірек Ресейдің сыртқы істер министрлігі Суданда ресейлік жалдамалылардың бар екенін растаған.

Оппозиция мен құқық қорғаушылар төрт айдан беріп болып жатқан билікке қарсы наразылық кезінде 60 адамның қаза тапқанын, мыңдаған адамның ұсталғанын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG