Accessibility links

Түркия оппозициясы Ердоғанға қарсы бірікті


Ердоғанның жарнамалық баннері. Стамбул, 19 маусым 2018 жыл.
Ердоғанның жарнамалық баннері. Стамбул, 19 маусым 2018 жыл.

Президенттің өкілетін күшейтетін конституция өзгерісінен соң Түркия маусымның 24-інде президент сайлауын өткізеді.

Жексенбі күні Түркияда өтетін сайлаудың жеңімпазы бұл елдегі ең құзыреті күшті президентке айналмақ - үкіметті де басқарады, парламентті де таратып жібере алады.

Қазіргі президент Тайып Ердоған қайта сайланып кетпеуі үшін осыған дейін басы қосылмай келген оппозициялық партиялар қатар өтетін президент және парламент сайлауы алдында бірігуге күш салып жатыр.

Жаңадан құрылған Ұлттық Альянс зайырлы оппозиция - Республикашыл халық партиясы мен оның кандидаты Мухаррем Инджені қолдайды. Альянсқа зайырлы социал-демократтар, центрист-оңшыл консерваторлар, ұлтшыл либерал консерваторлар мен консерватор исламшылдар да кірген. Альянс кандидаттары парламент орындарының басым бөлігін иеленсе, былтырғы референдум кезінде аз ғана айырмамен бекітілген конституциялық өзгертуді жойып, Түркияны қайта парламенттік республикаға айналдырамыз деп мәлімдейді.

Республикашыл халық партиясынан кандидат Мухаррем Индженің сайлауалды жиыны. Стамбул, 21 маусым 2018 жыл.
Республикашыл халық партиясынан кандидат Мухаррем Индженің сайлауалды жиыны. Стамбул, 21 маусым 2018 жыл.

Бекітілген өзгертуге сәйкес премьер-министр қызметі мен билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтайтын тетіктер жойылатын болған.

Ердоғанның Әділет пен даму партиясы және оның коалициядағы әріптесі әсіре оңшыл Ұлтшыл қозғалыс партиясы өзгерістер мен толықтыруларды жасап шығып, заңға айналдырған. Көптеген тәуелсіз сарапшылар президенттің авторитаризмге бет алғанын айтады.

Ел экономикасы әлсіреген шақта аймақ бойынша күрдтерге қарсы әрекет қылып, 2016 жылы әскери төңкеріс жасауға талаптану оқиғасынан кейін саяси қарсыластарын қудалауға көшкен Ердоғанның беделі әлсірей бастағандай. Бірақ ол әлі де тағы бес жыл мерзімге сайлану мүмкіндігі күшті деп ойлайды.

Әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесіне сәйкес Ердоған бірінші турда айқын жеңе алмай, шілденің 8-індегі екінші турда Инджемен бәсекеге түсуі мүмкін.

Вашингтондағы Таяу Шығысты зерттеу институтының директоры Гонул Тол Азаттыққа 2018 жылғы сайлаудың Түркияға авторитаризмге ұрынбау үшін берілген соңғы амал болуы ықтимал екенін айтты.

Сарапшының сөзінше, дауыс беру процедурасы бұзылмаса, Индженің Ердоғанды екінші турда жеңетіндей шамасы бар. Толдың сөзінше, жеңіске жету үшін Индженің күрдтердің қолдауына ие болып, Әділет пен даму партиясының діни консерваторларын Ердоғанның кезінде қол жеткізген діни бостандықтары сақталады деп сендіруі тиіс.

Вашингтондағы Bipartisan саясат орталығының аға сарапшысы Ник Дэнфорттың ойынша, дауыс санау әділ болса, оппозиция Ердоғанды бірінші турда-ақ тоқтата алады.

- Екінші турда тұтас оппозиция Инджені қолдаса, дауыс әділ түрде саналса, Индженің Ердоғанды жеңетін шамасы бар. Бірақ күмән көп, - дейді Дэнфорт.

Толдың пайымдауынша, оппозиция үшін Халық демократиялық партиясындағы күрд кандидаттардың он пайыздық межеден өтіп парламентке кіруі өте маңызды. Мұндай жағдайда Ердоғанның партиясына саяси көпшілік болып қалу қиынға түседі.

Дэнфорттың сөзінше, былтырғы референдум кезінде бір жарым миллион жалған бюллетень санаққа кірді деген мәлімдемелер болған.

Толдың ойынша, тіпті дауыс беру әділ өтсе де, 2018 жылғы сайлауды еркін саяси бәсеке деп атау қиынға түспек. Оның сөзінше, Ердоғанның төңкерістен кейінгі жазалау саясаты оппозициялық БАҚ-ты құрсап қойды.

2015 жылы парламент мандатын иеленген Халық демократиялық партиясының ондаған депутаты терроризм айыбымен қамалған еді. "Хьюман Райтс Уотч" бұл әрекетті саяси астары бар деп сынаған. Партияның президенттікке ұсынылған кандидаты Селахитдин Демирташ үгіт-насихат кампаниясын түрме камерасында отырып жүргізді. Терроризм бойынша айып тағылған саясаткердің үкімі әлі шыққан жоқ. Маусымның 20-сында бұл партияның 50-ден астам мүшесі ұсталған еді.

Түркияның күрдтер тұратын оңтүстік-шығыс аймағында сайлау комиссиясы учаскелердің біразын өзгертіп жіберген. Халық демократиялық партиясы бұл әрекетті дауыс беруге кедергі жасау деп таниды.

Сарапшылар алдағы сайлауда Ердоған қайта жеңіп шыққан жағдайдың өзінде оппозицияның саяси баланс тудыруға қауқарлы күш болып қалыптаса бастағанын айтады.

- Оппозиция парламентте саяси көпшілікке айналса да, сақадай сай демократиялық жүйе құрып, Түркияны қайта демократия жолына түсіру өте қиынға соқпақ. Түркия үшін ең ғажап вариант - оппозицияның президент пен парламент сайлауында қатар жеңіп шығуы, - дейді Тол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG