Accessibility links

Бішкек соты Азаттық радиосының есепшотын бұғаттан босатты


Райымбек Матраимов.
Райымбек Матраимов.

Бішкек соты Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің, осы медианың тілшісінің және Kloop.kg сайтының банктегі есепшотын бұғаттан босатты. Банктегі есепшоттар елдегі ықпалды әулеттің сотқа шағымынан кейін бұтатталған.

13 желтоқсанда Бішкектегі Свердлов аудандық соты Матраимовтар әулетінің сұрауымен сайттар мен журналистің есепшотындағы бұғатты алып тастады. Бірақ Матраимовтар Азаттықтың Қырғыз қызметінің, осы медианың журналисі Али Токтакуновтың, Kloop сайтының үстінен түсірген шағымын қайтарып алмады.

Матраимовтардың сөзінше, "жауапкерлер қызметкерлердің жалақысын төлеу үшін банктегі есепшоттарды бұғаттан босатуды сұраған".

12 желтоқсанда Матраимовтар әулеті Азаттық радиосының Қырғыз қызметін, осы медианың журналисі Али Токтакуновты және Kloop.kg сайтын “іскерлік беделіме нұқсан келтірді” деп сотқа берді. Шағымданушының арызынан соң Бішкектегі Свердлов аудандық соты жауапкерлердің банктегі есепшоттарын бұғаттады. Матраимовтар басылымдардан 60 миллион сом (858 мың доллар) талап еткен.

Сот шешімімен басылымдардың банктегі есепшотына бұғат қойылған.

Оқи отырыңыз: Жымқыру мен қорғаштау. Ірі жемқорлықты әшкерелеген кәсіпкерді атып өлтірді

Азаттықтың Қырғыз қызметі жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) және Kloop.kg сайтымен бірге Қырғызстаннан заңсыз жолмен кемі 700 млн доллар қалай шығарылғаны туралы зерттеу материалының екінші бөлімін жариялады. Зерттеуде Райымбек Матраимовтың есімі аталады. Ол журналистердің зерттеуінде айтылған деректерді жоққа шығарады. Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Райымбек Матраимовты екі рет тергеуге шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG