Accessibility links

Нұр-Сұлтанда полиция Ақордаға бет алған белсенділерді ұстады


Белсенділерді ұстауға оқталған омон жасақтары. Нұр-Сұлтан, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Нұр-Сұлтанда Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасынан кейін түстен кейін Ақордаға бет алған ондаған белсендіні жолда полиция ұстады. Оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратқан Азаттық тілшісінің айтуынша, 50-60 шақты белсендіні Сарайшық көшесінің бойында омон жасақтары ұстап, бірнеше автобусқа отырғызып алып кеткен. Бұл маң мен Ақорда арасында шамамен бірнеше көше бар.

Тікелей эфирді көріңіз:

16 желтоқсанда түске дейін қаладағы Абай мен Байтұрсынов көшелері қиылысындағы Ашаршылық құрбандарына арналған монумент алдында бір топ белсенді осыдан 8 жыл бұрын болған Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алып, құран бағыштаған еді. Олар шара кезінде оқиғаға шынайы кінәлі адамдардың әлі бостандықта жүргенін айтып, Жаңаөзен оқиғасының ресми түрде әлі шынайы баға алмағанын айтқан. Олар сонымен бірге саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, халықтың әлеуметтік жағдайы нашар екенін айтқан.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске алды

Полиция әзірге жауап бермеді. 16 желтоқсанда таңертең Қазақстанның бірнеше аймағында белсенділердің ұсталғаны хабарланды.

Қазақстан қоғамы үшін мемлекет тәуелсіздігін жариялаған мереке күні ретінде атап өтілетін желтоқсанның 16-сы ел тарихында болған тағы екі оқиғамен маңызды. 1986 жылы желтоқсанда Мәскеудің шешіміне наразылық танытып, Алматыда бейбіт шеруге шыққан студент және жұмысшы қазақ жастарын билік күшпен таратып, кейін жүздеген адамды қуғынға салған. 2011 жылы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атқан. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда 17 адам қаза тапқан.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG