Accessibility links

Алматыда да полиция марш жасаған белсенділерді ұстады


Полиция белсенділерді ұстап әкетіп барады. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
Полиция белсенділерді ұстап әкетіп барады. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Алматыда 16 желтоқсан түстен кейін 15.30 шамасында Желтоқсан көшесі бойымен төмен қарай "Шал, кет", "Оян, Қазақстан" деп ұрандатып, сап түзеген белсенділерді полиция ұстады. Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Желтоқсан - Қарасай батыр көшелері қиылысына келгенде полиция топты жарып, азаматтарды әкете бастаған.

Полиция белсенділерді ұстап әкетіп барады. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
Полиция белсенділерді ұстап әкетіп барады. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Кейбір азаматтардың қолында "Назарбаевсыз Қазақстан", "Мұрагер мен Қастерге саяси баспана беруді талап етеміз" деген жазуы бар плакаттар болған. Азаттық тілшісі полицияның он шақты адамды ұстап әкеткенін көрді. Кейбір жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, кемінде 40 адам ұсталған.

Медеу аудандық полиция басқармасы төрағасының орынбасары Дәурен Керімбаев Азаттық тілшісіне "қазір ұсталғандардың тізімі жасалып жатыр, нақты санын айта алмаймыз" деп жауап берді.

- Басқармаға жеткізілген адамдар рұқсат етілмеген митингіге қатысқан. Қазір үш сағат ішінде оларға байланысты шешім қабылдаймыз, - деді Дәурен Керімбаев.

16 желтоқсанда түске дейін "Республика" алаңында белсенділер Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алып, құран бағыштаған еді. Еске алу шарасында Жаңаөзен оқиғасынан бері сегіз жыл өтсе де, оқиғаға әлі ресми түрде шынайы баға берілмегені, кінәлілердің жазаланбағаны айтылды. Бұған қоса, шара кезінде саяси жүйені өзгерту, жемқорлықты жою, әділ сот орнату қажеттігі айтылды.

Еске алу шарасынан кейін белсенділердің бір бөлігі алаң орналасқан Сәтпаев көшесінен Желтоқсан көшесіне бұрылып, төмен қарай марш жасап жүрген еді. Желтоқсан - Төле би көшесіне қарай келгенде марш жасағандардан ешкім қалмады. Ақпарат құралдары "Астана" алаңында тізіліп тұрған полиция көліктерін ғана көрді.

Түскі екі жарым шамасында Нұр-Сұлтанда да полиция еске алу шарасынан кейін Ақордаға бармақ болған 50-60 шақты белсендіні жолдан ұстап, әрі қарай "шеруін жалғастыруына" мүмкіндік бермеген еді.

Ақтөбеде 16 желтоқсанда түстен кейін Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш маңынан полиция жергілікті белсенді Алтынай Туксикованы ұстаған. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне жергілікті белсенділердің бірі Әлібек Молдин хабарлады. Оның айтуынша, жанында кішкентай ұлы бар Алтынай Туксикованы полиция түскі 12-лер шамасында ұстап әкеткен. Алтынай Туксикова да, Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі де телефон тұтқасын көтермеді. Ақпарат бойынша, мұнда полиция Ақтамақ Көптілеуова мен тағы үш белсендіні таңғы сағат 8-де көшеден ұстап әкетіп, 15:30 шамасында босатқан. Белсенділердің сөзіне қарағанда, Зауыт полиция бөлімінде қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовті қаралайтын видео көрсетіп, олардан "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы жайлы сұраған.

Қазақстан соты қызметіне тыйым салған ҚДТ қозғалысы 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні жұртты билікке қарсы наразылыққа шақырған.

2018 жылы Қазақстан соты елдің бас прокуратурасының сұрауымен ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан экс-банкир, осы қозғалыстың жетекшісі Мұхтар Әблязов ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп таныған Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. 2019 жылы наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығының жағдайына қатысты қабылдаған резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Бүгін, 16 желтоқсан таңертең Қазақстанның бірнеше аймағында еске алу шарасына бармақ болған белсенділердің ұсталғаны хабарланған еді. Әлеуметтік желіде кейбір белсенділер кешеден бері үйлерін полиция күзетіп тұрғанын айтып, сыртқа шыға алмай жатқанын жазған.

Қазақстан қоғамы үшін мемлекет тәуелсіздігін жариялаған мереке күні ретінде атап өтілетін желтоқсанның 16-сы ел тарихында болған тағы екі оқиғамен маңызды. 1986 жылы желтоқсанда Мәскеудің шешіміне наразылық танытып, Алматыда бейбіт шеруге шыққан студент және жұмысшы қазақ жастарын билік күшпен таратып, кейін жүздеген адамды қуғынға салған. 2011 жылы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атқан. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда 17 адам қаза тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG