Accessibility links

Солтүстік Қазақстан облысында өрттен бір нәресте қаза болды


Бескөлдегі өртенген үй. Солтүстік Қазақстан облысы, 19 желтоқсан 2019 жыл.
Бескөлдегі өртенген үй. Солтүстік Қазақстан облысы, 19 желтоқсан 2019 жыл.

19 желтоқсанда таңертең Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бескөл ауылында екі пәтерлі тұрғын үй өртеніп, 2018 жылғы бір нәресте өрттен қаза болды. Бұл ақпаратты облыстық төтенше жағдай департаментінің өкілдері хабарлады.

Департамент өкілдерінің айтуынша, өрт шыққан кезде үйде 9 жастағы бала мен бір жастағы нәресте және олардың әжесі болған. Әжесі 9 жастағы немересін ғана құтқара алған.

- Оқиға орнына келгенде екі пәтерлі тұрғын үй жанып жатты. 2018 жылы дүниеге келген бала құтқарылып, жедел жәрдем бөліміне жіберілді. Өкінішке қарай, орталық аудандық аурухананың жан сақтау бөлімінде жатқан бала қаза болды, - деді Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдай департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Атығаев Азаттық тілшісіне.

Ресми орындардың айтуынша, балалардың анасы үлкен баласын мектепке шығарып салуға кеткен. Әкесі іссапарда болған. Ал екі бала әжелерімен бірге үйде қалған.

Төтенше жағдай департаментінің дерегіне қарағанда өрттің шығуына жылыту пешін қолдану барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау себеп болған. Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгенде бір пәтердің шатыры мен верандасы жанып жатқанын көрген. Өрт сөндірушілер сағат 11.30 шамасында өрттің бетін қайтарып, сағат 12-лерде толық сөндірген.

2019 жылы облыста 700-ге жуық өрт болып, 31 адам қаза тапқан. 16 желтоқсанда Қостанай облысы Торғай елді мекенінде үй өртеніп, кемінде төрт адам қаза тапқан, бірнеше адам жараланған.

Биыл ақпанда Нұр-Сұлтан маңындағы Көктал-1 ықшам ауданында өртенген үйде бес сәби қаза болған еді. Осыдан кейін қоғамда көп балалы әйелдердің наразылық акциясы көбейіп, тұрғын үй мәселесін, жәрдемақыны көбейтуді талап еткен болатын. Сәуір айында үкімет көп балалы отбасыларға берілетін әлеуметтік көмек түрлерін көбейткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG